Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына қабылдау ережесіне өзгерістер енгізуді қарастырып жатыр

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына қабылдау ережесіне өзгерістер енгізуді қарастырып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков мәлім етті.

Тоқтала кететін жайт, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» ҚР заң жобасын талқылау барысында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов сайлаушылармен кездесуінде көтерілген мәселелерге тоқтала келе, «Алтын белгі» иеленуші түлектерге қатысты сауал тастады. «Биылғы жылы мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, 115-тен жоғары балл жинаған түлектер құжаттарын еліміздің бірнеше ЖОО-ларына әртүрлі мамандықтарға тапсырғанына қарамастан, олардың грантқа ілінбей қалу қаупі туындаған болатын. Осы тұрғыдан алғанда оқуға қабылдау кезінде деңгейі бірдей үміткерлер арасындағы конкурста қандай ереже басшылыққа алынатынын білгім келеді. Сосын, кейінгі жылдары «Алтын белгінің» қадірі түсіп бара жатқандай сезіледі. Өйткені, кейбіреулер мектепті он жыл бойы орташа оқып келіп, ақырында «алтынға» ие болады», - деген сенатор министрлік өкілінің көзқарасын сұрады.

Өз кезегінде білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков депутаттың пікіріне келісіп, жылдан-жылға «Алтын белгіні» иеленушілер санының артып отырғанын жеткізді. Мәселен, вице-министрдің айтуынша, былтыр олардың саны 1500 болса, биыл 2400-ге жетіпті. «Бұл бағыттағы мәселемен министрлік айналысуда. Жалпы, келесі жылдан бастап біз ЖОО-ға қабылдау ережесіне өзгерістер енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Қазір Үкіметтің тапсырмасы бойынша жұмыс комиссиясы құрылды», деді М. Сарыбеков.

Соңғы жаңалықтар