Білім және ғылым министрлігі оқушы зорланған жекеменшік мектепті тексереді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен балалар құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесші Раиса Шер «Мариям» жекеменшік мектебінде оқитын 1-сынып оқушысына қатысты мән-жайды зерттеу үшін Алматыға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетінің өкілдері аталған дерек бақылауда екенін жеткізді.

«Біз бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстап отырмыз. Бүгін профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында «Мариям» жекеменшік мекемесінде тексеру жүргіземіз. Сонымен қатар оқушының отбасына да барып, қажетті көмек көрсетеміз. Балаға психологиялық көмек көрсетіледі. Тергеудің қорытындыларына байланысты шаралар қабылданады. Сараптама нәтижесін күту маңызды. Құқық қорғау органдарымен байланыста боламыз», - деді Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Бұған дейін Алматыда 1-сынып оқушысын зорлағандарға қатысты іс қозғалғаны туралы жазған болатынбыз.

Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі осы оқиға бойынша баланың әкесі Наурызбай аудандық полиция басқармасына 21 сәуірде арызданғанын жеткізді.

Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр, зорлық-зомбылық әрекеттерінің жасалғанын анықтау үшін сараптама тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар