Білім және ғылым министрлігі қалай бөлінеді – депутаттар ұсынысы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрлігінің екі ведомствоға бөлінуі - жұмыстың жүйелі жүргізілуін қамтамасыз етеді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбектің пікірі осыған саяды.

«Бүтін бір министрлік баланың балабақшадан бастап ғылымға дейінгі жолын қамтып жатыр. Мен бұл салада көп жылдар еңбек еткеннен кейін жағдайды білемін. Біздегі министрлердің 70%-ы жоғары білімді жақсы біледі. Дегенмен мектеп, кәсіптік білім саласынан бейхабар. Сол тәжірибесі тек жоғары білім саласына негізделген қарапайым бөлім басшысы бүкіл орта және кәсіптік білімге өз саясатын жүргізеді. Ал министрлік білімнің әр сатысын сапалы қамтуға қауқарсыз болып отыр. Себебі әр бағытта миллиондаған бала мен мыңдаған ұстаздың мәселесі тұр. Көршілес Өзбекстанның өзінде 3 министрлік бар. Ол жұмысты тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді», - деді Саясат Нұрбек.

Бұдан бөлек депутат министрлікті бөлу жұмысындағы қиындықтарға тоқталды.

«Мектепке дейінгі, орта және кәсіптік білімді қамтитын орган – Білім министрлігі, ал жоғары білім мен ғылымға жауапты Инновация, жоғары білім және ғылым министрлігі құрылса деп ойлаймын. Енді осы министрлік құрамына кіретін комитеттердің бөлінісіне қатысты өзекті мәселелер бар. Мәселен, балабақша, мектеп, колледждер білім басқармасына қарайды. Ал ол өз кезегінде әкімдікке бағынады. Кадрлық саясаты мен білім бағыты әкімдік құзырында. Сонда жаңадан құрылатын министрлік тек қаржы бөліп отыратын орган ретінде қалып қояды. Сондықтан оларды әкімдік құзырынан шығарып, министрлікке өткізу қажет. Бұдан өзге білім сапасын бақылау комитетінің бөлінуі қиын мәселе. Бұл қай министрліктің құрамында қалуы керек? Әрине екі ведомстваға да аталған орган қажет. Екінші – ол тіл комитеті. Онда жүйелі жұмыс қалыптаспаған. Тиісінше нәтиже болмайды. Сондықтан оны Мәдениет және спорт немесе Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне беру орынды деп ойлаймын» , - деді ол.

Саясат Нұрбектің пікірінше, министрлікке қарасты Балалар құқығын қорғау комитетін де арнайы орган етіп шығару керек. Сонымен қатар депутат ведомство бөлінсе, қызметкерлер жетіспеуі мүмкін екенін айтты.

«Бұрын мен қызмет еткен кезеңде министрлікте барлығын қоса алғанда 800-дей қызметкер болатын. Одан бері бірнеше рет қысқарды. Бүгінде 400-ге жуық еңбеккер бар. Енді оны екіге бөлсе, 200 адамнан келеді. Осыны ескере келе бұл министрліктер қаншалықты жұмыс істей алады деген сұрақ туындайды», - деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Ал ҚР Праламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы министрлікті бөлу кезінде штат санын арттырудың қажеті жоқ екенін алға тартты. Оның сөзінше, жаңадан тағайындалатын 3-4 вице-министрге штат қарастырылса жеткілікті.

«Мен министрлікті екіге бөлу туралы ұсынысты осыдан екі жыл бұрын айтқанмын. Дегенмен ол кезде бастама қолдау таппады. Балабақша, орта мектеп, арнаулы орта және жоғары білім орындары мен ғылымның барлығы бір министрлікке қарайды. Бұл - дұрыс емес. Кез келген өз-өзін сыйлайтын мемлекет білім саласына аса мән береді. Сондықтан оны басқару жеңіл, икемді болуы тиіс. Менің ойымша, балабақша, орта мектеп және колледждер бір министрліктің құрамында болуы керек. Ол Ағарту министрлігі болса, екіншісі Жоғары білім және ғылым министрлігі деп құрылғаны жөн деп ойлаймын. Өйткені біздің елде ғылым дамымай қалды. Егер оның басқару жүйесін өзгертіп, ұйымдастыру шараларын жолға қойса, ілгерілеу басталады. Екі министрлікке бөлгеннен мемлекетке және өзге де органдарға келетін шығын жоқ. Тек қарамағындағы комитеттерді қажетті салалар бойынша тең бөліп шығарады», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Депутат бірнеше ұсыныс айтты. Оның айтуынша, мектеп директорлары мен жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындауды тоқтату керек.

«Директорларды ата-аналар, сарапшылар және мектеп ұжымы өздері сайлап алуы тиіс. Көп шет мемлекеттерде осындай тәртіп бойынша директорларды сайлау мүмкіндігі бар. Екіншіден, мектеп білімнің негізгі өзгегі болғандықтан оған басыбайлы билік беру керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, барлығын бір орталықтан басқару жүйесінен бас тартуымыз қажет. Қазіргі таңда болып жатқан қарапайым мысал – ЖОО ректорын тағайындауға министр араласады. Соның салдарынан білікті мамандар бұл қызметке өте алмай жүр», - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Депутат мәселенің оңтайлы шешімі ретінде жоғары оқу орындарының ішінен кеңес құрып, бірнеше кандидаттың арасынан біреуіне дауыс беру арқылы сайлау өткізуді ұсынды.


Соңғы жаңалықтар