Білім және ғылым министрі оқулықтың бағасы қымбат екенін мойындады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқулық бағасының қымбат екенін мойындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен оқулық бағасына арнайы талдау жүргіздім. Бізде бастауыш сыныптар базалық оқулық пайдаланады. Негізгі және жоғары сыныптарға арналған балама оқулықтар бар. Екеуінің бағасын салыстырдым. Базалық оқулықтарды басуға белгілі бір баспалар мүмкіндік алып отырған. Сәйкесінше, бағасы жоғары болған. Ал баламасы бар оқулықтарды 4-5 баспа шығарған. Бұл жерде мектептер өзіне тиімдісін таңдай алады. Осы бәсеке оқулық бағасына да әсер еткен. Яғни, базалық оқулықтар баламасы бар оқулықтарға қарағанда қымбат екенін көреміз», - деген министр қазіргі бағаға көңілі толмайтынын жеткізді.

«Оқулық бағасы бойынша министрліктің ұстанымы айқын. Оны есептеп шықтық. Қаламақы төлеу керектігін, бұл бизнес екенін түсінеміз. Сонда да, оқулық бағасы қазіргідей қымбат болмауы керек. Біз пікір алмасулар арқылы осыған көздерін жеткізуіміз керек. Яғни, баға саясатында министрлік сырт қалмауы керек. Бізде бұған дейін А4 қалыпты және одан да көлемді оқулықтар болды. Енді елестетіп көріңіздер, бірінші сынып оқушысы отыр дейік. Олардың парталары шағын болады. Қасында парталасы отыр. Жаңағы көлемді оқулықтар партаға сыймай, баланы әуреге түсіреді. Бір қарағанда бұл ұсақ-түйек мәселе сияқты. Бірақ баланың білім алуында рөлі орасан. Мұның бәрінің артында білім беру сапасы мен тиімділігі тұр. Жалпы бүгінгі оқулықтардың жағдайына көңілі толмайды», - деді ол.

Асхат Аймағамбетов оқулық шығару жүйесіне өзгеріс енгізілетінін атады.

«Салада жүйелі мәселелер бар. Оқулық дайындау, оның сапасын сараптау, іріктеу жүйесіне өзгеріс енгізетін боламыз. Сондықтан, ендігі оқулық басу кезеңінде мен барлық баспаларға осы айтылған мәселелерді ескеруді тапсырамын. Мұндай бассыздықтарға жол беріп қоя алмаймыз. Нақты шешімдер қабылдап, жүйелі жұмыс жүргізетін кез жетті», - деп түйіндеді министр.

Соңғы жаңалықтар