Білім ұйымдарын аттестаттауда қауіпсіздік басты талап болады – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім беру ұйымдарын аттестаттау барысында олардың қауіпсіздігі басты талаптардың бірі болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалардың қауіпсіздігі ең басты мәселе. Ата-аналар балаларын балабақшаға не мектепке жібергенде алаңдамауы керек. Оларға қатысты қауіпсіздік іс-шаралары толығымен қабылданып, жайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін тиісті жұмысты ұйымдастыру керек. Қазан қаласында болған жантүршігерлік оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Сондықтан біз білім саласында тиісті, кешенді, жүйелі іс-шаралар қабылдауымыз керек», - деді ол ведомствоның аппарат жиналысында.

Оның атап өтуінше, мектептерде дабыл түймелері, бейнебақылау жүйелері, металл іздеуге арналған құрылғылар орнатылып, арнаулы күзет қызметі болуы қажет.

«Қазан қаласында орын алға оқиға бізге тағы бір өте маңызды жайтты көрсетті. Бұл мұғалімдердің, балалардың, жалпы мектеп қызметкерлерінің осындай әртүрлі жағдайда өзін ұстау мәселесіне қатысты. Не істеу керек? Қандай ең алғашқы іс-шаралар жасау керек? Мысалы, халықаралық аккредитация жүйесін қарасақ, ең бірінші қауіпсіздік мәселесі қаралады. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, осындай әртүрлі жағдайларға төтеп беретіндей дайын болуымыз керек. Енді аккредиттеу талаптарына осы мәселелер қосылады. Балабақшалардың, мектептердің, колледждердің аттестациясы кезінде қарастырылатын ең басты мәселелердің бірі қауіпсіздігі болады. Соны регламентке көшіріп, енгізіп жатырмыз», - деді Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар