+7 (701) 759 90 19
USD 425.59 EUR 505.43
RUB 5.61 CNY 64.83
Jańalyqtar

Білім туралы заңға қашықтан оқыту жүйесін енгізу қажет - Рауан Кенжеханұлы

2020 жылғы 15 қазан 15:26
Бөлісіңіз:
Білім туралы заңға қашықтан оқыту жүйесін енгізу қажет  - Рауан Кенжеханұлы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғалы 1 жылдан астам уақытта білім беруге қатысты маңызды мәселелер көтеріліп келеді. Ұлттық кеңесте осы салада қандай ұсыныстар айтылды, пандемия кезіндегі қашықтан оқытуға дайын болдық па? Осы және өзге де мәселелер жайында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлымен тілдескен едік.

Ұқсас жаңалықтар
Бәйдібек ауданындағы ауыл мектебіне 2 «BILIMBook» тақтасы мен 50 компьютер табысталды Минскте әл-Фараби атындағы қазақ сыныбы ашылды Ақмолалық оқушы мен оның бауыры әлемнің үздік балаларының тізіміне енді

- Алдымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің белгілі бір салада шешім қабылдаудағы рөлі жайлы айтып берсеңіз...

- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – Мемлекет басшысының қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайту үшін әртүрлі салаларда белсенділік танытып жүрген, жұмыс тәжірибесі, білігі мол азаматтарды жинап, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау, олардың шешімін бірлесе табу мақсатында құрылған дәнекерлік алаң, консультативтік-кеңесші орган.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің осы уақытқа дейін үш отырысы өтті. Кеңес мүшелері саяси модернизация, экономикалық модернизация, әлеуметтік модернизация бағыттары бойынша шартты топтарға бөлінген. Өз бағыттары бойынша қордаланған мәселелерге қатысы пікірлерін бөлісіп, тәжірибелерін ортаға салады, ұсыныстарын дайындайды. Сол ұсыныстардың негізінде салаға жауапты мемлекеттік орган өкілдерімен, тиісті министрліктердің немесе басқа да ведомстволардың басшыларымен кездеседі. Ұсыныс беру бар да, бірақ оны жүзеге асыру тетіктерін білу, соған сәйкес шешім ұсыну басқа. Осы мәселелер жан-жақты талқыланады. Осылайша бірнеше рет талқыланған ұсыныстар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында көпшілікке таныстырылады. Маңызды, шешу, іске асыру жолы анықталған ұсыныстарды Президент үкіметке тапсырма ретінде береді. Қазір осындай жүйелі негізде жұмыс жүріп жатыр.

- Осы алаңда көтерілген білім беру саласына қатысты нақты ұсыныстар жайлы айтып өтсеңіз. Кеңес мүшесі ретінде өзіңіз қандай мәселелерді көтердіңіз?

- Мен кеңес аясындағы әлеуметтік мәселелермен айналысатын топтың мүшесімін. Бұл топ денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру секілді әлеуметтік мәселелерге қатысты ұсыныстарды талқылап, жинақтайды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мамыр айындағы үшінші отырысы білім беру мәселелеріне арналды. Президенттің осындай кеңестің бір отырысын тек білім саласына арнауы өте маңызды, дұрыс қадам болды деп есептеймін. Еліміздің қай салада болмасын ілгерілеуіне, алға жылжуына, дамуына тікелей әсер ететін сала – осы білім беру жүйесі. Біз бұл кездесуге дайындық аясында білім және ғылым министрімен, Премьер-министрдің әлеуметтік салаға жауап беретін орынбасарымен кездестік.

- Осы ұсыныстардың қайсысы қоғам қолдауына ие болып, жүзеге асып жатыр? Ұсыныстар негізінде қандай заңнамалық актілерге өзгеріс енгізілді?

- Әрине, біз айтқан ұсыныстардың барлығы бірдей нақты шешімдерге айналып кетуі мүмкін емес. Дегенмен бірқатар ұсыныстарымыз қабылданып, әрі қарай оларды іске асыруға бағытталған нақты қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жиынында болашақ педагог мамандарды дайындау, мұғалімдер мәртебесін көтеру және қорғау мәселелеріне тиісті деңгейде назар аудару қажеттігі айтылды. Берілген ұсыныстардың негізінде педагогикалық мамандықтарға түсетін абитуриенттерге қойылатын талаптар көтерілді. Мұғалім болғысы келетін талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден кем дегенде 70 балл жинауы тиіс. Бұл өте маңызды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл мамандыққа кері сұрыптау жүріп, сапа өте төмендеп кетті. Сонымен бірге, педагогикалық мамандықта оқитын студенттерге төленетін шәкіратқы едәуір өсіп, 42 мың теңге мөлшеріне дейін көтерілді. Бұл да - қабілетті жастарды ынталандыратын, үстемелейтін жақсы бастама.

Қазіргі таңда Қазақстандағы 7 400 мектепте жалпы саны 3,5 миллионнан аса оқушы бар. Оның 70 пайызы екі ауысымда, 200 мың бала үш ауысымды мектепте оқиды. Сапалы білім беру үшін мектептің бір ауысымда жұмыс істеуі өте маңызды. Ол үшін мектептер көптеп салынуы керек. Қазір кеңінен қолданылып жатқан мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмдерін, білім беруді жан басына бөліп қаржыландыру секілді тетіктерді қолдана отырып, білім беру ұйымдарының әл-ауқатын, материалдық техникалық базасын нығайту, мектептер салу, инфрақұрылымын күшейту керек деген ұсыныс айттық.

Одан бөлек, қазір қашықтан оқыту форматын кеңінен қолданып жатырмыз.

- Бүкіл әлемді жайлаған пандемия білім саласының қандай олқы тұстарын айқындап берді?

- Әрине, әлемде тараған пандемия жағдайына байланысты осы жүйеге көшуге мәжбүр болдық. Бірақ қашықтан оқыту технологиясын бұған дейін де белсенді түрде қолданып келгендер аз емес. Соңғы 10 жылда әлем бойынша қарқынды дамыған бұл технологиялар өз тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан қашықтан оқыту жүйесін заң деңгейінде реттеп, оны білім туралы заңға енгізу қажет. Әрі қашықтан оқыту технологиясын қолданатын оқу орындарына қойылатын әдістемелік және технологиялық талаптарды айқындаған абзал. Бұл мәселеге қатысты ұсыныстарымыз бен заңға енуі қажет толықтыру мен өзгерістер жобасын дайындап бердік. Осындай іске айналған, шешімін тапқан, қазірдің өзінде нәтижесін беріп жатқан ұсыныстар аз емес. Бұл Ұлттық қоғамдық сенім кеңес жұмысының нақты нәтижесі деуге болады.

- Сұхбатыңызға рахмет


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлмира Ғосманәли

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT