Білім саласындағы мемлекеттік сатып алулар онлайн режимге ауысуы тиіс - Алтай Көлгінов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов білім саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім саласында жемқорлық сын-қатер көп, сондықтан қолға алған шаралар өз нәтижесін беруі тиіс. Біз оны қадағалаймыз. Мемлекеттік сатып алулар бойынша тамақтану саласы онлайн режимге ауысады. Бұл мәселені «Астана - адалдық алаңында» қарастырып, орталық меморгандарға ұсыныс жіберген едік. Меніңше, бұл өзекті мәселені айтарлықтай ретке келтіреміз», - деді әкім «ANTIKOR» орталығында өткен онлайн конференцияда.

Оның айтуынша, білім саласы бойынша мемлекеттік сатып алуларға өте көп шағым түседі.

«Жеке өзіме бір жыл бойы көптеген шағым мен өтініштер келіп түсті. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызды бөлігі - адами факторды азайту болғандықтан, оған цифрландыру арқылы қол жеткізе аламыз. Барлық келісімдерді алып, барлық мемлекеттік сатып алуды онлайн бастағанда, барлығы ашық әрі әділ көрінеді, осыдан кейін ғана нәтиже туралы айта аламыз. Цифрландыру арқылы көптеген мәселені шешуге болады. Мұнда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және прокуратурамен етене жұмыс істеп жатырмыз. Біз білім саласындағы сенімді нығайтқымыз келеді, өйткені балаларға қатысты салада оңай олжаға жол бермеуіміз керек. Ең алдымен, балалардың қауіпсіздігін, тамақ сапасын және әділдікті қамтамасыз етуіміз керек», - деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар