Білім ордаларындағы қауіпсіздік: Мектеп инспекторларының штат саны артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев мектептегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қалай реттеліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл – әлбетте бүкіл халық алаңдайтын мәселе. Үкімет тарапынан қандай шаралар қабылданды? Біріншіден, өздеріңіз білетіндей, жуырда Парламент балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылдаған болатын. Ол заң бойынша мұндай қылмыс кезінде тараптардың татуласу құқығы алынып тасталды. Екіншіден, бұл қылмыс аса ауыр санатқа енгізіліп, кінәлілерді 14 жылдан өмір бақи түрмеге қамау жазасы белгіленді. Бұған дейін айтқанымдай, интернеті жоқ алыстағы ауыл мектептерінен басқа барлық мектепке бейнебақылау камераларын орнатамыз. Екіншіден, септик бар мектептің бәріне дәретхана орнатамыз. Қазіргі таңда мектептердің 33 пайызының дәретханалары сыртта. Үшіншіден, мектептердің бәріне де ықпалды ведомстволық күзет қойылады. Біз мектеп инспекторларының штат санын арттырамыз», - деді Бердібек Сапарбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Үкімет басшысының орынбасары мектептің ішінде дәретхана салуда «септик» сөзін текке айтып отырмағанын жеткізді.

«Мектептерде су жүйесі болса, септик жасап, тиісті жұмыс жүргізіледі. Әлбетте, алыс ауылдағы кейбір мектепте дәретхана іште орнатылмай қалуы мүмкін. Бірақ, негізі мектептердің бәрінде бұл жұмыс қолға алынады», - деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары бұл ретте ата-аналардың жауапкершілігі ұмытылмайтынын жеткізді.

«Заңда ол да қарастырылған. Себебі, ата-аналар да өз баласын қараусыз қалдырмауы керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары 1 қыркүйекке дейін барлық мектепке видеокамера орнатылатынын мәлімдеген болатын.



Соңғы жаңалықтар