Білім министрлігінің өкілдері зорлық-зомбылық туралы хабарлаған ата-анамен, баламен кездесті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бірінші сынып оқушысының туыстары зорлық-зомбылық туралы мәлімдегеннен кейін Білім және ғылым министрлігінің өкілдері арнайы келіп, олармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен ҚР Білім және ғылым министрінің Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер Ақтөбе облысына келіп, зардап шеккен баланың отбасымен кездесті. Министрлік өкілдері баланың жағдайымен танысып, бала мен оның туыстарына қандай көмек қажет екенін сұрап білді. Б алаға жан-жақты, оның ішінде психологиялық көмек көрсетіледі.

«Ақтөбе облыстық білім басқармасы Білім және ғылым министрлігіне оқушының ата-анасының өтініші туралы уақытылы хабарламады. Мектеп әкімшілігі қажетті жұмысты жүргізбей, туыстарының үндеуіне тиісті назар аудармаған. Әкімдік жанындағы барлық білім басқармасы мектептерде не болып жатқанын бақылауда ұстауға және өңірлерде не болып жатқанын білуі тиіс. Мектепте әр бала үшін ыңғайлы болатын жағдай жасауы керек. Немқұрайлылыққа жол берілмейді», — деді Балалар құқығын қорғау Комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Сондай-ақ ҚР БҒМ өкілдері Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, облыстық білім басқармасы басшысы, құқық қорғау органдары мен қамқоршылық кеңесінің қатысуымен жиын өткізді. Онда болған оқиғаға байланысты жағдай толық анықталғанға дейін мектеп директоры мен директордың орынбасарын қызметінен шеттету туралы шешім жария етілді.

Жергілікті атқарушы органдарға кәмелетке толмағандарға қатысты қауіпсіздік шараларын күшейту, осы бағыттағы алдын алу жұмыстары және білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларының жұмысына мұқият тексеру жүргізу бойынша тапсырма берілді. Облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиясына кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу жүктелді.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мектеп қызметкерлеріне қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар