Білім министрлігінде мектеп оқулықтарының сапасы талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың қатысуымен мектеп оқулықтарының сапасы төңірегіндегі мәселелерге арналған алқалы отырыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведмоствоның Facebook-тегі ресми парақшасына сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында оқулық сапасына баса назар аударып, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті екендігін айтқан болатын. Осы ретте Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл бағытта нақты шаралар қабылдануда», - деді вице-министр.

Жиынға қатысушылар жаңартылған мазмұндағы оқулықтарды әзірлеу, сараптамадан өткізу және оқу үрдісінде пайдалану бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы ақпарат берді. Дөңгелек үстел барысында орта білім берудің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламаларына сай әзірленіп, 2016-2017 оқу жылынан бастап мектептерге енгізіліп жатқан оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тұжырымдамалық ерекшеліктері бойынша кәсіби түсініктемелер берілді.

Алқалы отырыста аталған оқулықтардың мазмұнын құрастыру бойынша авторлардың, ғылыми-педагогикалық тұрғыда бағалау бойынша сарапшылардың қызметі жан-жақты талқыланды.

Оқулықтарды әзірлеу, сараптау және таңдап алу жүйесі, оқулықтар сапасын жетілдіру бағытындағы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің осы кезге дейін атқарған жұмыстары әңгіме арқауына айналып, алдағы уақыттарға жоспарланып отырған нақты шаралар сөз болды. Ашық диалог форматында өткен шара барысында жиынға қатысушылар өз ұсыныстарын да білдірді.

Аталған шараға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және «Оқулық» республикалық ғылыми практикалық орталығының қызметкерлері, оқулық авторлары мен сарапшылары қатысты.

Айта кетейік, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқулықтардың сапасын жақсартудың төмендегідей 10 қадамын ұсынған болатын:

1. Мұғалімдерді іріктеп, арнайы курстар өткізу және оларды оқығандығы жайлы куәландыру. Қатысушылардың тұрақты базасын қалыптастыру. Сарапшылар мен пәндік комиссиялардың құрамына енетін сарапшыларды мәліметтер базасынан жасырын әдіспен таңдап алу.

2. Оқулықтар авторларын курстан өткізу.

3. Сараптама жүргізу процесін жақсарту. Сарапшылар тұрақты түрде оқулықпен жұмыс істей алатын арнайы платформа ашу.

4. Электронды платформа арқылы баспаларға айтылған ескертулердің нәтижесін бақылау. Әр ескертуге нақты жауап болуы тиіс.

5. Оқулықтардың рецензиясымен жасырын жұмыс істейді. Оқулықтарды сараптау кезінде сарапшылар оқулықтың авторы кім екенін білмейді және осылайша құрастырушы тарапынан көрсетілетін қысымнан босатылады.

6. Оқулықтарда қате жіберілген жағдайда, баспа өз қаражатына оқулықтарды алмастырады.

7. Баспа қателерді жөндемеген жағдайда белгілі бір санкциялар қолданылады.

8. Министрлік оқулықтардың өз бағасына жасалатын талдауды бақылауда ұстайды.

9. Оқулықтардың көлемін кішірейту.

10. Белгілі бір оқулықтардағы қате бағдарламаларды жөндеу.

Соңғы жаңалықтар