Білім министрлігі оқушылар олимпиадаларына қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Білім министрлігі ұйымдастыратын олимпиадалар оқушылар үшін ақысыз негізде болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалардың дарындылығын қолдау – зияткерлік олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар, конкурстар, кәсіби шеберлік конкурстары және спорттық жарыстар өткізу арқылы бірнеше бағытта жүзеге асырылады. Білім және ғылым министрлігі өткізетін зияткерлік олимпиадалар мен конкурстарды «Дарын» республикалық орталығы, шығармашылық және көркемдік бағыттарды Республикалық қосымша білім беру орталығы, сондай-ақ спорттық бағытта Республикалық дене шынықтыру және спорт орталығы үйлестіреді. Айта кету керек, Білім және ғылым министрлігі өткізетін барлық жарыстар, оның ішінде зияткерлік олимпиадалар да, шығырмашылық әрі спорттық жарыстар да бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі», - деді Ш. Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол бұл жарыстар оқушылар үшін тегін екенін нақтылады.

«Олимпиадалар мен жарыстардың қорытындылары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тиісті деңгейдегі дипломдар және барлық қатысушыға сертификаттар беріледі. Олар өте маңызды. Өйткені дарындылықты дамыту, қолдау, сондай-ақ оларды ынталандыру әр дарынды оқушыны ары қарай жігерлендіруге әсер етеді. Дипломдар мен сертификаттарды беру де тегін түрде жүргізіледі», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар