Білім министрлігі мұғалімдерді ҰБТ-ға қатысу міндетінен босату бастамасын қолдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл мен қала мектептерінде білім сапасының айырмашылығы сақталып отыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«ҰБТ нәтижесіне қарағанда, өткен оқу жылында қазақ және орыс мектептері арасындағы айырмашылық толығымен жойылды. Бірақ ауыл мен қалада білім сапасының айырмашылығы сақталып отыр.

Сондықтан дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, ауыл мектептерінің материалдық техникалық жағдайын жақсарту және мұғалімдерге арналған курстар биыл басталады», - деді ведомство басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар Е. Сағадиев министрлік өз тарапынан педагогтар толтыруға тиіс құжаттардың тізбесін алғаш рет бекіткенін атап өтті.

Осы орайда тек 5 құжат ескеріліп отыр, одан басқа мұғалімдерден ешқандай есеп, ешқандай қағаз сұралмауы тиіс.

«Жаңа оқу жылынан бастап ҰБТ-ға қатысу міндетінен мұғалімдерді босату талқылануда. Министрлік бұл бастаманы қолдайды. Мұғалім тек сапалы білім берумен айналысуы керек. Мектептердің ҰБТ бойынша рейтингін де алып тастадық. Барлықтарыңыз білесіздер, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 205 мың (67%) мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейді. Биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемақыны қарастырады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді.

«Сонымен бірге ағымдағы жылы 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. 8 мыңнан астам пән мұғалімдері жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда оқуда. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріседі.

«Ұстаз» орталығы барлық өңірлерде ағылшын тілінде сабақ бере бастайтын төрт жарым мыңнан астам мұғалім үшін менторлық арқылы қолдау жасайды. Бір жыл бойы бұл мұғалімдерді толығымен қолдап, үйретіп, сабақтарына қатысып, нақты көмек көрсетілетін болады», - деп түйді Е. Сағадиев.

Соңғы жаңалықтар