Білім министрі ҰБТ-ға қатысты тым асығыстау шешім қабылдап отыр - сенатор

None
None
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат -  Білім және ғылым министрі ҰБТ-ға қатысты тым асығыстау шешім қабылдап отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Мұрат Бақтиярұлы осылай мәселе көтерді.

«Жақында Білім және ғылым министрлігі кәсіптік орта оқу орындарын бітірушілер жоғары оқу орындарына түсу үшін орта мектеп бағдарламасы негізінде тест тапсыру керек деген шешім қабылдады. Біздіңше бұл тым асығыс қабылданған шешім болған сияқты. Өйткені, орта мектеп пен кәсіптік білім беретін оқу орындарына мемлекеттік оқу стандарттары мен бағдарламарында үлкен айырмашылықтар бар. Жуырда  аймақтарда болып, жұртшылықпен, әсіресе, жастармен кездесулер кезінде, колледж түлектері мен олардың ата-аналары тарапынан кешенді тестілеуге байланысты үлкен аландаушылықтар айтылды», - дейді сенатор.

Оның айтуынша, орта мектептің толық бағдарламасы бойынша 10-11 сыныпта, яғни екі оқу жылында оқитын пән сабақтарын 9-ыншы сыныптан кейін оқуға түскен колледж оқушылары қысқартылған түрде, 1 жыл көлемінде ғана оқиды.

«Енді келіп, кәсіптік орта оқу орындарында өтілмеген,  оқытылмаған, түсіндірілмеген пән тақырыптары бойынша тест сұрақтарына олар қалай жауап береді? Ал еліміз бойынша 570-тей колледжді биыл жүз мыңдай түлек бітіреді деп күтілуде.  Кәсіптік орта оқу орындары түлектерінің де  басым бөлігі жоғары оқу орындарына түсіп, жоғары білімді мамандық алғысы келетіні анық. Сондықтан да арнайы кәсіби білім алған мамандарымызды қайтадан орта білім негізінде жасалған кешендік тест тапсыртуымызды жөнсіз деп санаймыз», - дейді М. Бақтиярұлы.

Осыған орай, депутат асығыстыққа бармауды, негізсіз тәжірибе жасамау керектігін алға тартады.

Соңғы жаңалықтар