Білім министрі сынып жетекшілері мен псиxологтарды қайта даярлаудың себебін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова қайта даярлау курстарының пайдасы туралы айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәріміз жақсы білеміз, жалпы мектептегі білімнің сапасы мұғалімге байланысты. Сол себепті ең бірінші мұғалімдердің кәсіптік деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізілетін болады. Алдағы үш жылдың ішінде 144 мың мұғалім қайта даярлау курстарынан өтеді. 82 мың сынып жетекшілері мен псиxолгтар да өтетін болады. Бүгінде ұстазға да, ата-анаға да, балаға да псиxологтың көмегі өте қажет. Сондықтан биылдан бастап біз псиxологтар мен клас жетекшілерін қайта даярлау курстарынан өткіземіз. Себебі мектеп пен ата-ананың арасындағы ең бірінші дәнекер, ең бірінші байланыстырушы ол - клас жетекшісі», - деді К.Шәмшидинова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Министрдің айтуынша, қайта даярлау курстарынан колледж қызметкерлері де өтеді. Олардың саны 15 мыңнан асады. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарының 2,5 мың оқытушысы кәсіби біліктілігін көтеретін болады.

«Жалпы, біз ұстаздарға әдістемелік көмек те көрсетуіміз керек. Осыған байланысты әдістемелік кешен - www.smk.edu.kz жұмыс істеп тұр. Онда 100 мыңнан астам материал бар. Жаңа оқу жылының қарсаңында қазақ пен орыс тіліне қосымша ағылшын тіліндегі бөлімі де ашылатын болады», - деп атап көрсетті К.Шәмшидинова.

Айта кетейік, бүгінгі брифингте министр білім қызметкерлерінің жалақысын көтеру шаралары туралы айтты. Аталған тапсырманы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев берген болатын. Оған сәйкес, жалақысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 көтерілуі керек. Бүгінде арнайы тарифтік коэффицент бекітілді.

Бұдан бөлек, Күләш Шәмшидинова жалақының қалай артатынын нақты мысалмен көрсетті.

Соңғы жаңалықтар