Білім министрі «Болашақ» түлектерімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен 1993 жылғы 5 қарашада тағайындалған стипендияның 27 жылдығына орай ұйымдастырылды.

«Биыл айтарлықтай өзгерістер күшіне енді. Біз стипендияны тағайындау үрдісін автоматтандыру мен ашықтықты арттыру үшін барлық нормативтік құқықтық құжатты пысықтадық. Мемлекет басшысы өткен жылы осындай міндет қойды. Қасым-Жомарт Кемелұлы (Президент – ред.) бұл бағдарламаны одан әрі дамытуға және оны қолдауға ерекше көңіл бөледі», – деп атап өтті А. Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, халықаралық стипендияға үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелері бекітілді. Квоталық санаттар жойылып, конкурстық іріктеуде барлық үміткерге тең мүмкіндіктер береді. Шетелдік жетекші ЖОО тізіміндегі оқу орнынан шақыртудың болуы – стипендия тағайындау бойынша конкурсқа қатысу үшін қойылатын негізгі талап. Ауылдық елдімекендерден қатысатын үміткерлер үшін Қазақстан аумағында 6 айға дейінгі тілдік курстар сақталады.

«Тек ауылдық жерлерден келген үміткерлер үшін тілдік курстарды сақтау арқылы біз жыл сайын 1,3 млрд теңгеден астам қаражат үнемдейміз. Сондай-ақ іріктеу кезеңдерін 6-дан 3-ке дейін азайтып, жалпы құжат қабылдау процесін цифрландырдық. Үміткерлерді іріктеудің барлық кезеңі видеоқұралдар көмегімен тіркеледі. Біз толық ашықтықты қамтамасыз еттік және жаңа сын-тегеуріндерге икемді әрекет етеміз», - деді Асхат Аймағамбетов.

«Болашақ» бағдарламасы бүгінге дейін 13 978 стипендия тағайындады, оның ішінде 1994 жылдан 2004 жылға дейін – 785 стипендия, 2005-2020 жылдары – 13193 стипендия берілген. 13 193 стипендияның 3379-ы бакалавриат бойынша, 7231 – магистратура, 35 – аспирантура, 87 – клиникалық ординатура, 347 – докторантура, 2114 – тағылымдама бағдарламасы бойынша тіркелген.


Соңғы жаңалықтар