Білім қызметкерлерінің кәсіподағы мұғалімдерге мыңға жуық ноутбук сыйлады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мен оның мүшелік ұйымдары республикамыздың білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін ұстаздарға мыңға жуық ноутбук құрылғысын табыстады. Бұл туралы ҚазАқпарат Салалық кәсіподақтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қашықтан білім беру процесін тиісті деңгейде ұйымдастыруға үлес қосу мақсатында «Қазақстандағы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі педагогтарды қолдау туралы шешім қабылдаған болатын. Осы жұмыстардың аясында жаңа оқу жылы қарсаңында сала қызметкерлері – кәсіподақ мүшелеріне жан-жақты көмек көрсету шаралары жүзеге асырылды. Тек Жамбыл облысында 336 бірлік ноутбук аймақтағы білім беру ұйымдарының балансына берілсе, қалған өңірлерде ноутбук құрылғылары сала қызметкерлері - кәсіподақ мүшелеріне қайтарымсыз негізде сыйға тартылды», - делінген баспасөз баянында.


Атап өтерлік жайт, ноутбуктер көпбалалы, аз қамтылған ұстаздарға, мұқтаж педагогтарға, сонымен қатар отбасында мектеп жасында және студент бірнеше баласы бар кәсіподақ мүшелеріне берілген. Бұдан бөлек, бірқатар облыстарда ұстаздарға ноутбук сатып алуы үшін қаржылай көмектесті. Ал кейбір аймақтарда кәсіподақ интернет байланысының өтемақысын төлеп беруді қолға алды.


Мәселен, Қарағанды облысында Саран аудандық кәсіподақ комитеті 39 педагогтың, Абай аудандық кәсіподақ комитеті 50 кәсіподақ мүшесінің интернет тарифінің құнын төлеуге материалдық көмек берді. Қазіргі таңда Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары Республикалық «Мектепке жол» акциясына белсенді түрде қатысуда. Пандемия кезеңінде кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау жұмыстары жалғасады.


Соңғы жаңалықтар