«Bilim Foundation» басшысы: Бес облыста суицид көрсеткіші жоғары болып тұр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Үкіметі, ғалымдар мен сарапшылар еліміздегі өзекті мәселенің бірі - жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бойынша қандай іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. «ҚазАқпарат» тілшісінің сауалдарына аталған сала бойынша еліміздегі негізгі жобаны жүзеге асырып жатқан «Bilim Foundation» қоғамдық қорының басшысы Ерлан Айтмұхамбетов жауап берді.   

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде суицид тақырыбын талқылау үшін шетелдік және отандық ғалымдар мен мамандардың басын қосқан екікүндік халықаралық жиын өтті. Оған ҚР Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), «Bilim Foundation» қоғамдық қоры, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы, сондай-ақ педагог-психологтар, шетелдік сарапшылар қатысты. Қазақстан Үкіметі Біріккен Ұлттар ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе отырып, елімізде «Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу» бағдарламасын енгізген болатын. Жоба пилоттық режімде 2015 жылдан бастап, Қызылорда облысында жүргізіле бастады. Жобаны жүзеге асыру үшін «Bilim Foundation» қоғамдық қоры арнайы құрылды.

- Ерлан мырза, «Bilim Foundation» қоры жүргізіп отырған суицидтің алдын алуға бағытталған жоба туралы толығырақ айтып берсеңіз?

- Қызылорда облысында пилоттық режімде басталған жоба қазіргі уақытта еліміздің төрт облысында іске асырыла бастады. Біздің жобамыз оқушының өмірге құштарлығын ояту, білім мен кәсіпке машықтандыру, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға арналған. Жоба аясында дәрігерлермен және ұстаздармен жұмыс жасаймыз. Психолог мамандардың біліктілігін арттырамыз. Тренингтер өткіземіз. БҰҰ Балалар қоры 2016 жылы Испанияда өткен симпозиум барысында жоба бойынша баяндама жасады. Әлемдік қауымдастық жоба жетістіктерін өте жоғары бағалады. 2015 жылы қауіп тобында 1000 бала болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 700-ге төмендеді. 2017 жылы 600 баламен жұмыс жасалды. Айта кету керек, бұл жоба әлем бойынша тек Еуропа елдерінде жүргізілген. ТМД аймағында Қазақстан бірінші болып жүзеге асырды. Қазір Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары қосылды.

-Суицид тақырыбында Қазақстан бойынша жасалған сараптамаларыңыз бар ма? Оның қай өңірдекөрсеткіші жоғары?

- Білім министрлігі мен прокуратураның мәліметтері бар. Жалпы, Қазақстанда суицидтің таралуын жоққа шығармаймыз. Шығыс Қазақстан, Ақмола облысы, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында суицид көрсеткіші жоғары. Біз биыл Ақмола облысында жобамыз бойынша жұмыстарды бастадық. Әрине, бұл бір жылдың емес, бірнеше жылдың жұмысы. Мысалы, біз Қызылордадағы жобамызда тек қала мектептері емес, жалпы облыс бойынша жүргіздік. Суицидпен күрес - 5-10 жылдың жұмысы болса, біздің қызылордалық жобамыз бойынша 2-3 жылда нәтижесін көрсете бастады. Мысалы, 2013 жылы облыста 13 жасөспірім өз-өзіне қол салған болса, 2017 жылы 6 суицид оқиғасы тіркелді. Ең бастысы - балалар көмек сұраудан қымсынбайтын болды.

- Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицидтің негізгі себептері қандай?

- 2012 жылы италиялық профессор Марко Саркьяпоне ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, еліміздің бес облысында суицидтің себептерін анықтау бойынша сараптама жүргізген болатын. Зерттеу қорытындысында Қазақстандағы суицидтің негізгі факторлары анықталды. Олар: отбасында баланы ұрып-соғу, баланың жарақаттануы, психобелсенді заттарды тұтыну, жеке қарым-қатынастағы проблемалар. Әсіресе, баланың ата-анасымен, құрбы-құрдас, сыныптастарымен қарым-қатынасының бұзылуы суицидке себеп болған негізгі факторлардың бірі. 90 пайыз оқиға осы себептен болған.      

-Ата-аналармен жұмыс жүргізесіздер ме?

- Суицидтің негізгі ошағының бірі - отбасы. Жобамыздың бірінші кезеңінде ұстаздармен, дәрігерлермен, психологтармен жұмыс жүргіздік. Келесі кезеңде ата-аналарды да қамтитын бағдарламаларды іске қоспақпыз.

-Суицидтің алдын алу бойынша методикалық құралдар әзіленді ме?

- Қазақстан бойынша жасалған зерттеулердің толық жинағы жарыққа шыққан. Оқушылардың барлығына методикалық құралдарды табыстаймыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар