Білім беру ұйымдарының бухгалтериялары орталықтануы тиіс - Б. Бекжанов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Бекжанов Білім және ғылым министрінің атына сауал жолдады.

Онда депутат мектептердегі білім беру ісіне тоқтала келе, білім беру ұйымдарының бухгалтерияларын орталықтандыру мәселесін көтерді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз үшін мектеп біліммен сусындататын алтын ұя  болса, оны басқаратын директор, ең алдымен, білікті де беделді ұстаз, педагог. Сондықтан да, директордың басты жұмысы негізінен балаға білім беріп, тәрбиелеумен шектелуі тиіс. Алайда, қазіргі таңда мектеп директоры - әрі ұстаз әрі есепші әрі қоймашы қызметін атқарып жүр. Оған себеп қазір оларға жалпы басшылықпен қатар, қаржылық-шаруашылық қызметін жүргізу міндеті де жүктелген. Ал өмір бойы педагогика саласымен айналысып келген адам, күн сайын ережелері өзгеріп отыратын қаржылық есеп-қисаптың, бухгалтерияның  қыр-сырына қалай қанық болады», деді Б. Бекжанов.

 Депутаттың айтуынша, 2008 жылы білім беру саласы қызметкерлеріне қатысты 305 қылмыстық іс қозғалса, бұның 123-і мектеп директорларына, 102-сі мектеп есепшілеріне қатысты болып отыр. Оның сөзіне қарағанда, қылмыстық істердің қозғалуы негізінен мектеп директорларының қаржылық сауатының төмендігіне де байланысты болып табылады. Осы мәселелерді алға тартқан депутат, мектептерді қаржылық-шаруашылық жүргізу құқығынан алып, жергілікті органдарға берудің, білім беру ұйымдарының бухгалтерияларын орталықтандырудың қажеттігін атап өтті. «Осы шараның нәтижесінде мектеп директорлары қосымша ауыртпашылықтан босап, тек қана тікелей өз қызметімен айналысатын болады. Саладағы құқықтық заң бұзушылықтардың, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қаражаттың уақытылы игеруіне жол ашады», деді депутат. 

Соңғы жаңалықтар