Білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз қамтылған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз қамтылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша бейнебақылау жүйелерімен білім мекемелері 100 пайыз қамтылған. Әкімдіктер оларды нұсқаулықтың жаңа талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуде. Ал жедел басқару орталықтарына 6 мыңға жуық білім ошақтары қосылған. Лицензияланған күзетпен 2 мыңға жуық, дабыл түймелерімен 2400-ден аса білім беру нысандары қамтылған», - деді министр.

Дегенмен, ол бұл жұмысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірқатар өңірлер 2023 жылдың қыркүйегіне дейін толық аяқтауы қажет екендігін баса айтты.

«Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне толық тексеру жүргізу мәселесі ақпан айында өңір әкімдері орынбасарларының қатысуымен министрлік өткізген арнайы кеңесте қаралды. Осыған орай бірнеше мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған 162 мониторингтік топ 20 өңірде жұмыс істеуде. Бүгінгі күні мониторингтік топ 10 мыңнан аса білім беру ұйымдарының 7 мыңға жуығын қамтыды. Жұмыс наурыз айының соңына дейін аяқталып, нәтижесі министрліктің алқалы отырысында қаралатын болады», - деді Ғани Бейсембаев.


Соңғы жаңалықтар