Білім беру сапасын халықаралық рейтингтерден көруге болады – Асхат Аймағамбетов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның білім беру нысандары халықаралық рейтингтерден көрініп келеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы отандық білім беру жүйесінің сапасын халықаралық рейтингтерден көруге болады. Олардың бәсекеге қабілеттілігі өте жоғары деп айта аламын. Мысалы, колледждер бойынша WorldSkills чемпионатының қортындысын қарасақ, Қазақстан 60 астам қатысушы елдері арасында 50-ші орыннан 14-орынға дейін көтерілді. Көріп отырғандарыңыздай, жақсы динамика бар», - деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, QS халықаралық рейтингісінде 2016 жылы 8 ғана университет болса, бүгінгі күні Қазақстаннан 14 жоғары оқу орны еніп отыр.

«3 жоғары оқу орны беделді Times Higher Education рейтингісіне кіреді. Көршілес елдермен, көп шетелдік мемлекеттермен салыстырғанда бұл жақсы жетістік», - деді Білім және ғылым министрі.

Айта кетейік, келесі оқу жылы үшін жоғары оқу орындарына 73 мың, колледждерге 31 мың грант бөлінеді.

Қазақстанда 50-ге жуық ескі мамандық бойынша оқыту тоқтатылды және бұрын болмаған 60-қа жуық мамандық ашылған.

Сонымен бірге, елімізде 2 жылда маман әзірлейтін «Қолданбалы бакалавриат» пилоттық жобасы басталады.


Соңғы жаңалықтар