Білім беру нысандарындағы қауіпсіздік шараларын жүйелі жүргізу керек - профессор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, адвокат Бахтияр Бөлеулиев білім беру орындарында қауіпсіздікті күшейтуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалардың қауіпсіздігі өте маңызды екенін ескерсек, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға барынша қолдау жасаған жөн. Яғни қаржылық тұрғыда қажетті қаражатты бөлуді, соның мақсатты игерілуін қамтамасыз ету керек. Мектептер бейнекамерамен 100 пайыз қамтамасыз етілсе, білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен қамтыса – бұл қадамдар қолдауды қажет етеді. Атап айтқанда, осы жұмыстар тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізілуі тиіс», - деді Б. Бөлеулиев.

Оның пайымынша, бұл бағытта әлем елдеріндегі озық тәжірибелер жіті зерттелуі керек. Осы орайда бейнекамера немесе кұзет қызметімен шектелмей, басқа да тың қадамдар ескерілгені маңызды. Сонымен қатар, мұндай жұмыстар мектептермен қатар, балабақша, колледж әрі жоғары оқу орындары ғимараттарында да қарастырылғаны абзал.

«Тағы бір мәселеге тоқталсақ, бейнебақылау камералары автокөлік жолдарымен қатар, үйлердің ауласында да орнатылуы керек. Өйткені бұзақылық немесе қылмыстар аулада жасалады», - деді ғалым.

Бахтияр Бөлеулиев қару алуға рұқсат беру талаптарын да күшейту керектігін атап өтті.

Еске сала кетейік, бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын баяндады.

«Халықаралық тәжірбие, соның ішінде Қазан қаласында болған оқиғаның салдары да зерделенді. Бұл талдау Қазан мектебінде оқушылар мен мұғалімдердің осындай қауіпті жағдайда қажетті іс-әрекеттерді білуінің арқасында, дабыл түймелерімен, арнайы күзетпен қамтамасыз етілуінің арқасында залал минималды деңгейде болғанын көрсетеді. Халықаралық тәжірибе де бейнекамералармен, дабыл түймелермен қамтамасыз ету, төтенше жағдайларға қарсы әрекет етудің нақты алгоритмін енгізу, арнайы күзет және педагогтер мен оқушыларды даярлау қажеттілігін көрсетті», - деді министр.

Қазір еліміздің барлық мектептері бейнебақылау камералармен 100% қамтамасыз етілген. Алайда Білім және ғылым әрі Ішкі істер министрліктерінің бірлесіп жүргізген мониторингы осы камералардың 55% ғана талаптарға сай екенің көрсетті.


Соңғы жаңалықтар