Білім беру: Мектеп жетіспеушілігі, электронды күнделік және ҰБТ-дағы өзгерістер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ел экономикасын өркендету, бəсекеге қабілетті болу тек қана кемел біліммен келетіні анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім саласының форматын өзгерту қажеттігіне бір емес, бірнеше мәрте назар аударған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім беру саласын дамыту бойынша ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіле бастады. Осы орайда білім саласындағы өзгерістер туралы, нақтырақ айтсақ, мектеп жетіспеушілігі мәселесі, ҰБТ-дағы жаңашылдықтар мен электронды күнделік жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Мектеп жетіспеушілігін шешу жолдары

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салуға тапсырма берді.

Демек, жыл сайын 200 мектеп пайдалануға берілуі тиіс. Осы арқылы үш ауысымды мектептерді толығымен жою жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылмақ.

ҚР БҒМ бюджеттік жоспарлау департаментінің бас сарапшысы Жайық Мақсұтовтың мәліметінше, биыл 215 мың оқушыға арналған 225 мектепті іске қосу жоспарланған, оның ішінде:

- 135 мың оқушыға арналған 138 мектеп мақсатты құрылыс есебінен іске қосылады;

- 4 мың оқушыға арналған 26 модульдік мектеп ашылады;

– 46 мың оқушыға арналған 16 мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде пайдалануға берілуі керек;

- жан басына қаржыландыру есебінен 30 мың орындық 45 жеке мектеп ашу жоспарланған.

Биыл ҰБТ-да қандай өзгерістер болады?

2022 жылы Ұлттық тестілеу орталығы ерекше күтімді қажет ететін талапкерлер үшін бірқатар шара қабылдады. Біріншіден, ҰБТ уақыты ұзартылды. Нақтырақ айтқанда, көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған талапкерлерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, қосымша 40 минут беріледі.

Демек, олар ҰБТ-ны 4 сағат 40 минут ішінде тапсыра алады. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізілді. Олар үшін суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды. Бұл өзгерістер ҰБТ тапсыруды айтарлықтай жеңілдетпек.

Биыл тестілеу «1 компьютер - 2 камера - 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізіледі. Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, талапкердің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылады.

Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кірмеуін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл қағидат емтихан тапсыру барысын қадағалау және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет.

Тестке кіретін пәндер саны өзгерген жоқ – екі бейінді және үш міндетті пән қамтылады. Тест тапсырмалараның саны – 120.

Оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы – 20 және екі бейінді пәннен 35 тапсырмадан беріледі. Тестілеуді өткізу уақыты – 4 сағат (240 минут). ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғарғы - 140 балл жинай алады.

Тестілеуге кірер кезінде қолмен тексеретін және рамалық металл іздегіштер қолданылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігі үшін, ережелерді бұзудың және тыйым салынған заттарды (телефондар, шпаргалкалар және т.б.) алып өтудің алдын алу үшін де қажет. Қатысушылардан тыйым салынған заттар табылған жағдайда тестілеу автоматты түрде тоқтатылады.

Тестілеу кезінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады. Ол аудиторияның (компьютерлік сыныптың) және бейнебақылау камераларының ауданына байланысты жұмыс істейді.

ҰБТ-2022 аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану және ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тестілеуден өту мүмкіндігінен 90 талапкер айырылған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда үш есе аз.

Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ үш деңгейлі жүйе бойынша өткізіледі: Face ID арқылы жеке басын сәйкестендіру, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ тестілеу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі.

Электронды күнделіктің білім сапасын арттырудағы рөлі

Еліміздің білім беру ұйымдарында «электронды журнал» енгізілген сәттен бастап білім деңгейі айқындала бастады. Білім және ғылым министрінің бұйрығы негізінде 2016 жылдың 1 қыркүйегінде 4 мың орта білім беру ұйымының базасында «ҚР Білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған «Күнделік» электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі» пилоттық жобасы іске аса бастады.

Осылайша, электронды күнделік пен мектеп журналының қазақстандық нұсқасы жасалды. 2017 жылы ата-аналар мен оқушыларға арналған «Күнделік. Мектеп» мобильді қосымшасы пайда болды. Оны Play Market (Android) және Aрр Store (IOS) қосымшаларынан жүктеу мүмкіндігі берілді.

Мобильді нұсқа балалардың электронды күнделіктеріне қол жеткізуді жеңілдетті. Өйткені, қазір ата-аналар кез келген уақытта және әлемнің кез келген жерінен күнделікті көре алады. Сондай-ақ, 2017 жылы мектеп жұмысын оңтайландыру және автоматтандыру мақсатында электронды журналда қорытынды бағаларды автоматты түрде есептейтін критериалды бағалау жүйесі іске қосылды.

Электронды журнал мұғалімдерді көптеген қағаз есептерден және оқу процесінің басқа құжаттарын басып шығарудан құтқарды. Сонымен қатар, қағаз жүзіндегі есептілікті алып тастаудың арқасында кеңсе тауарларына жұмсалатын бюджет қаражатының көп мөлшері үнемделді.

Педагогтар бір батырманы басу арқылы өз сыныбының немесе мектебінің үлгерім есептерін жүктеу, интернет желісіне шығатын құрылғының көмегімен журналды қашықтықтан толтыру сынды қызметтерге мүмкіндік алды.

«Күнделік» ЖШС директоры Мұхтар Ілиясовтың мәліметінше, қазіргі уақытта «Күнделік» білім беру жүйесінде 6500-ге жуық жалпы білім беретін, мамандандырылған, жеке және арнайы білім беру ұйымдары тіркелген.

«Оқушылар саны - 3 млн. 250 мың, ата-ана саны - 2 млн. 500 мың, сондай-ақ 380 мың мұғалім жұмыс атқарады. Қазіргі уақытта «Күнделік» жүйесі тек қалалық және аудандық мектептерді ғана емес, сонымен қатар шалғай өңірлердегі мектептерді де қамтып отыр, олар да электронды журналдың көмегімен мектептегі құжат айналымын белсенді жүргізуге көшті», - деді Мұхтар Ілиясов.

2020-2021 оқу жылынан бастап «Күнделік» жүйесінде тіркелген мектептер электронды-цифрлы қолтаңбаның көмегімен құжаттарға қол қойып, үлгерім табельдерінің нөмірленуін белгілеуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, ZOOM + Microsoft Teams интеграцияланған бейнеконференциясы арқылы сабақ өткізе бастады. Ең бастысы, өздерінің дербес сабақтарын online-режимде құрып, оларды оқушыларға толықтай ақысыз беруіне болады.

Автор: Венера Жоламанқызы


Соңғы жаңалықтар