Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет – Respublica партиясының үштағаны

Фото: Фото: t.me/tvkhabar24
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде саяси партиялардың өкілдері арасында пікірталас өтіп жатыр. Әр партияның өкілі өз ұйымы қазақстандықтардың өмірін қалай өзгерте алатынын баяндауда. Пікірсайыс барысында Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров өз жұмыстарның өзегі болатын негізгі бағыттарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда еліміз үлкен дағдарыста тұр деп айтқымыз келеді. Бұған дейінгі пікірталаста партиямыздың тең төрағасы бұл таруалы жақсы айтты. Ел бюджетінің шығыс бөлігі 21 трлн теңге болса, салық түсімдері 17 трлн теңге болып отыр. Сонда елімізге 4 трлн теңге түспей жатыр. Қазір банкрот алдында тұрғанымызды, дағдарыста екенімізді мойндауға болады. Біздің команда, партияның тең төрағалары – дағдарысты еңсеріп үйренген менеджерлер. Мысалы, Руслан Берденовті алсақ, «Еврофармды» нөлден бастап көтерді. Динара Шүкіжанованы алсақ, керексіз етіп тастаған дизель зауытын әйгілі «Агромашхолдигке» айналдырды. Қазір ол зауыт түрлі тракторлар мен комбайндар құрастырып отыр. Мен де құлдырап бара жатқан агрохолдингті 5 жылдың ішінде еліміздегі №1 агрохолдингке айналдырдым», - деді Respublica партиясының төрағасы.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда бизнес-ортаны жақсарту бағытында өте маңызды өзгерістер енгізетін уақыт жетті.

«Біз әрібір азаматымыз еркін болғанын қалаймыз. Еркін адам деген кім? Еркіндіктің мәні денің сау, білімің, мәдениетің болғанында. Сондықтан біз өз бағдарламамызда үш негізгі бөлімді белгілеп алдық. Бірінші бөлім білім беруді қамтиды. Ол үшін бізге білім беру жүйесін ауылда да, қалада да әділеттілік тұрғысынан теңестіру қажет. Екінші бөлім – денсаулық сақтау жүйесін жақсарту. Бізге скринингтер аясын кеңейтіп, ауырып ем іздемей, алдын алатындай жүйе енгізу қажет. Ауру төнбей тұрып ұлт саулығына жұмыс істеуіміз қажет. Сондай-ақ мәдениетімізді оңдау қажет. Өткенде бірінші телевизиялық пікірсайысты көрдім. Біздің тіпті саяси деңгейдегі мәдениетіміз осындай болса, ұлтымыздың мәдениеті туралы не деуге болады? Бізге мәдениет тұрғысынан іргелі өзгерістер керек және біз мәдениет тілді дамытудан қалыптасатынын көріп отырмыз», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Айта кетейік, «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдері арасында пікірсайыс өтіп жатыр.

Пікірсайысқа «Amanat» саяси партиясынан – Ерлан Қошанов, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан - Айдарбек Қожаназаров, «Қазақстан Халық партиясынан» – Оксана Әубәкірова, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан – Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан – Азат Перуашев, ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан» Нұрлан Әуесбаев түсіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар