Біліктілігі жоқ жұмысшыларға сауықтыру жәрдемақылары төлене ме – Премьер-Министрдің жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында біліктілігі жоқ жұмысшыларды азаматтық қызметкерлермен теңестіру неге мүмкін емес екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу тәртібі бойынша жұмысшылар азаматтық қызметшілердің құрамына кірмейді. Осыған байланысты азаматтық қызметшілерге берілетін кепілдіктер мен өтемақылар біліктілігі жоқ жұмысшыларға қолданылмайды», - деп жазылған жауапта.

Әкімдіктердің дерегі бойынша республикада «біліктілігі жоқ» санатқа кіретін жұмысшылардың саны 200 мыңға жуық.

«Біліктілігі жоқ жұмысшыларды азаматтық қызметшілер құрамына қосу және сауықтыруға материалдық көмек төлеу мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді көздейді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына азаматтық қызметшілер санаттарын кеңейту бөлігінде өзгеріс енгізіп, техникалық персоналдың жекелеген санаттарына сауықтыру жәрдемақыларын төлеу жөніндегі мәселе мүдделі мемлекеттік органдармен жан-жақты қарауды талап етеді. Үкімет Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбек ақы төлеуді жетілдіру жөнінде сындарлы ұсыныстар әзірлеуге дайын екендігін білдіреді», - деп жазды Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар