Билік транзиті бейбіт жағдайда өтіп жатыр - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада XII Астана экономикалық форумында елдегі билік транзиті жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі АЭФ-тің ерекше маңызы бар және ол тарихи сәтте өтіп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, мен бұл шараға президент ретінде қатысып отырған жоқпын. Еліміз бен халқымыздың мүддесі үшін мен өте маңызды шешім қабылдадым. Тәуелсіздік жылдары елеулі өзгерістерге қол жеткіздік. Қазақстан әлем картасында беделді, танымал мемлекетке айналды. Біз алғаш рет Семейдегі ядролық полигонды жаптық, әлемдегі төртінші ядролық-ғарыштық арсеналдан бас тарттық», - деп атап өтті Елбасы.

Оның айтуынша, дәл осы бастамалар Қазақстанға сенім мен сыйлы қарым-қатынас сыйлады.

«Алғаш рет еліміздің жаңа тарихында Конституцияға сәйкес демократиялық жолмен бейбіт жағдайда билік транзитін жүргізудеміз. Бұл ретте маған хабарласып, хат жазып, қолдау білдірген әлем елдерінің саясаткерлеріне алғыс айтамын», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, Н. Назарбаев өзінің Ұлт көшбасшысы ретінде қала беретінін жеткізді.

«Келесі айда өтетін кезектен тыс сайлау еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. «Nur Otan» партиясының кезектен тыс құрылтайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел президенті болып сайлануы жөнінде ұсыныс білдірдім. Мен оның бастаған істі жалғастыру үшін дайындығы мол деп есептеймін. Ал өзім Конституциялық заңға сәйкес, Елбасы және Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып қала беремін. Еліміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздік саясаты, дамудың стратегиялық бағыттары бойынша жұмыс істеймін», - деді ол.

Еске сала кетсек, елордада XII Астана экономикалық форумы «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбында өтіп жатыр. Форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысуда.

Форумға қатысатын шетелдік қонақтар қатарында Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн, Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян, Nokia Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаа, экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Пол Гомер сынды танымал тұлғалар бар.

Соңғы жаңалықтар