Билік пен қоғам енді әділ сайлау өткізуге мүдделі болады – Айдос Сарым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Саясаттанушы Айдос Сарым Президенттің Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы туралы үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдағы сайлау – бүкіл шаруаға жауапты әрі қатаң тұрғыдағы амалдарды талап ететін айтулы оқиға. Сайлау дилетантизмді, шалағайлықты көтермейді. Бұл сөйлей білетін ғана емес, шынайы әрекет ете білетін уақыт. Осынау ой басты әрі негізгі болуы тиіс. Қазақстан қазір өз тарихындағы күрделі кезеңге аяқ басты. Алда саяси және экономикалық реформаларды қабылдау шаруасы тұр. Бұл бағыттағы жұмыс ешкімге де оңай тимейтіні анық. Сол себепті адал, ашық әрі легитимді сайлау өткізіп, қоғамның көңіл-күйінің әртүрлі қырын көрсете білетін жауапты парламентті қалыптастыру керек. Қазақстандағы реформалар жалғасады, алайда бұл ретте алдағы уақытта әлемдік шынайылық, қоғамның мүмкіндігі мен әлеуеті есепке алынуы тиіс. Бүгін модернизацияланған заңдар пакетінің қабылдануына мұрындық болатын, шикізаттық емес экономиканың негізін қалайтын, азаматтардың күш-қуатына, іскерлігі менсаяси белсенділіге иек артатын Мәжілісті сайлап алған дұрыс», - дейді Айдос Сарым.

Саясаттанушының айтуынша қазақстандық қоғамда қазіргі шынайылықтан алыстау, үстірт пайымдар мен болжамдар бар.

««Шықтың – айттың» немесе «бөлістің-лайк бастың-белгіледің» - көп адам саясат деген осы деп ойлайды. Шынтуайтында саясат деген – жылдар бойы өзінің функционалын нығайтатын, жақтастарын жинайтын, қаржылық және ұйымдастырушылық қуаттылығын күшейтетін салмақты саяси партияларды құру. Қарапайым ғана мысал: көп адам партиялық тізімді тіркеу үшін бір үміткерге 600 мың теңге төленуі керектігін де білмейді. Тиісінше 10 үміткерді тіркеу үшін 6 миллион, ал 100 адамды тіркеу одан жоғары кете береді», - дейді ол.

Сөз соңында саясаттанушы қазіргі сайлау кампаниясының ерекшелігіне тоқталды. Көп жылдан кейін ғана бұл сайлау өзінің заңды мерзімінде өткелі отыр.

«Қазір ешкім де бізді алдады, хабар бермеді деп кінәлай алмайды. Мүмкіндіктері бар салмақты ойыншылардың бәрі де сайлауға қатыса алады. Тағы бір ерекшелік барын айтайын: бұл сайлаудың құны өте жоғары. Себебі Мәжіліске дебаттардан бөлек, тағдыршешті реформалық құжаттарды қабылдауға тура келеді. Сол себепті билік те, қоғам да, партиялар да енді әділ сайлау өткізуге мүдделі болады», - деді Айдос Сарым.

Еске сала кетсек бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялаған болатын.

«Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады. Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды», - деді Президент үндеуінде.



Соңғы жаңалықтар