Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық - Тоқаев

None
None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ең басты міндетін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Біз ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет. Бұл – Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті. Сондықтан мынадай бағыттарға назар аудару қажет деп ойлаймын», - деді Президент Ұлытаудағы құрылтайда.

Мемлекет басшысы Қазақстан аумағында демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрылатынын атап өтті.

«Бұл – стратегиялық бағытымыз. Осы бағдарды берік ұстануымыз керек. Соңғы үш жылда бұл салада біраз нәтижеге жеттік. Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идеялар ұсынылды.

Митингілер туралы демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз», - деді Президент.

Айта кетейік, Президент Ұлытау облысындағы жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр.

Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлығы жарияланды.

Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.

Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жазбасына сүйенсек, келешекте құрылтай жұмысына қатысушылар ауыстырылып отыруы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар