Билік қоғаммен диалогқа, реформаға мүдделі болып отыр – Ақсерік Әйтімов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елдің бірлігі мен тыныштығы бәрінен маңызды. Бұл туралы «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, БҚО қоғамдық кеңесінің хатшысы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ақсерік Әйтімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында көптің көңілінде жүрген көптеген сауалдарға жауап берді.

Мемлекет басшысы ең алдымен биліктің қоғаммен диалог орнатып, реформа жасауға мүдделі екендігін атап көрсетті. Шынында да қазіргі таңда әр түрлі пікірлердің айтылып жатқандығы белгілі. Мұны күнделікті өмірден, әлеуметтік желілерден аңғаруға болады. Міне, осының ішінде ең құнды ұсыныс-пікірлерді іріктеп, сараптап алып, қорытынды жасауға болады.

Осы орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесімен бірге өңірлердегі қоғамдық кеңестер де барынша септесе алады. Соның негізінде реформалық қадамдар жасауға болады. Бұл жөнінде Президент өз сөзінде нақты айтты.

Бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасы, саяси партия құруда жеңілдік беру, Парламентте саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту, Қылмыстық кодекстегі 174-баптың ізгілендірілуі, 130-баптың әкімшілік кодекске ауыстырылуы, міне, бұл елдің бірлігін нығайта түсетін тың қадамдар болып табылады.

Ең бастысы, әркімнің өз пікірін еркін айтып, ойын толық жеткізуіне мүмкіндік жасалып отыр.

Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану қажеттігі еш күмән туғызбайды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар облыстарда жерге ғарыштық мониторинг жүргізу жөніндегі пилоттық жобаның барлық әзірлік жұмыстарын аяқтап, жүзеге асыру туралы тапсырма берді.

«Бұған жоғары оқу орындары да өз үлестерін қоса алады. «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешеніне қарасты оқу орындары жаңа технологияларды меңгеріп, ең озық жаңалық-өзгерістерді енгізуге күш салып келеді. Біздің келешегіміз – цифрлық экономика. Сондықтан мамандар даярлау мәселесін де осымен сабақтастыра білуіміз керек. Соның ішінде жастарымыз ғарышқа қатысты мамандықтарды игеріп, зерттеу мәселелерімен айналысуы қажет», деп түйіндеді ойын Ақсерік Сарыұлы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Болат Жексенғалиевтің қазақ тілін реформалаймыз десек, тәуекелшіл қадамдар қажеттігін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар