Билер кеңесі туралы ереже қабылданды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Билер кеңесі туралы ереже қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да билер кеңесін құру жөніндегі жұмыстардың үйлестірушісі, облыстық соттың судьясы Есенбай Боранбаевтың айтуынша, бұл ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының негізгі қағидалары басшылыққа алынды.

ҚР Жоғарғы сотының «Татуласу: сотқа дейін және сотта» жобасын жүзеге асыру мақсатында және БҚО соты мен БҚО әкімі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы 2016 жылғы 22 сәуірдегі меморандум негізінде Батыс Қазақстан облысының судьялар қауымдастығы билер кеңесі туралы ереже жобасын дайындаған болатын.

Осы ереже жобасы Батыс Қазақстан облысының әкімінің 2019 жылғы 11 қаңтардағы №4 шешімімен мақұлданды.

Ережеге сәйкес билер кеңесі «Рухани жаңғыру» аясында ұлттық код ретінде қазақтың билерінің дәстүрін жаңғырту, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтықты насихаттау, дауласушылық деңгейін төмендету, құқық бұзушылыққа төзбеушілік пен оның алдын алу мәселелері бойынша, салт, ғұрып, озық дәстүрлерді сақтау жөніндегі ауылдық, аудандық, қалалық әкім жанындағы кеңесші орган болып табылады.

Ережемен билер кеңесінің негізгі міндеттері, құру тәртібі, билер кеңесінің қызметін ұйымдастыру және қызметінің тоқтатылуы туралы мәселелер реттелген.

2019 жылдың 1 қаңтарына дейін облыстағы 12 ауданның 10-ындағы 95 ауылдық округте билер кеңестері құрылып, нақты іске кірісіп, өз жұмыстарын атқаруда. Құрылған билер кеңесінің араласуымен өткен жылы 14 дау қаралып, шешімін тапты. Бекітілген ереже билер кеңесінің жұмыстарын жандандыруға жаңа серпін береді.

«Бұл ереже Қазақстанда тұңғыш рет қабылданып отыр», деді ҚазАқпарат тілшісіне Есенбай Боранбаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да билер кеңестерінің құрылып жатқаны жөнінде жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар