+7 (701) 759 90 19
USD 387.16 EUR 428.47
RUB 6.08 CNY 55.13
Jańalyqtar

Билер кеңесі билік дәстүрін жаңғырта түседі - БҚО соты

2018 жылғы 29 тамыз 09:10
Бөлісіңіз:
Билер кеңесі билік дәстүрін жаңғырта түседі - БҚО соты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Билер кеңесі билік дәстүрін жаңғырта түседі. Бұл туралы Конституция күні қарсаңында өңірде билер кеңесін құру жөніндегі жұмыстардың үйлестірушісі, Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Есенбай Боранбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, облыста билер кеңесі биыл алғашқы болып тарихи Бөкей ордасы ауданында құрылды.

Осыған орай Хан ордасы ауылындағы Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешенінің мәжіліс залында «Сот төрелігінің «Жеті түйіні» бағдарламасының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағыты» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізілді.

Онда облыстық соттың судьясы Е.Боранбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салада атқарылып жатқан шараларға тоқтала келіп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының «Сот төрелігінің «Жеті түйіні» бағдарламасының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағытымен, Жоғарғы сот пен Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандумның негізгі қағидаларымен таныстырып, бітімгершілік үрдістерін дамытуға назар аударды. Билер сотының тарихына кеңінен тоқталып, би-шешендердің ұлағатты сөздерінен, нақты дауды ұтымды шешкен үлгілерінен мысалдар келтірді.

Шын мәнісінде кездесудің Хан ордасы ауылындағы осы күнге дейін сақталған Жәңгір ханның сарайында өтуі тегін емес-ті. Өйткені, тарихтан мәлім, кезінде Жәңгір ханның жанында 12 биден құралған билер кеңесі қызмет еткен. Сонымен қатар, жаңа сайланған билердің ішінде Бөкей ордасында әйгілі би, шешен болған Жиенбет пен Малтақан бидің ұрпағы, ел арасында шешендігімен танылып жүрген ауылдың қазіргі биі Сейтқайыр Мұхамбетшин де болды. Жиында өткенді жаңғырта отырып, «Ұлттық кодымыз» ретінде сотқа дейінгі татуласу аясында құрылып отырған билер кеңесінің жұмысына, оның медиациядан айырмашылығына көңіл бөлініп, қоғамдық кеңеспен бірлесіп жұмыс атқару бағыты ұсынылды.


null

Билер кеңесінің басты мақсаты халық арасындағы ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей-ақ ауыл ақсақалдарының, яғни билердің араласуымен, кеңесімен шешу болып табылады. Бұл игі бастама азаматтар үшін де, сот органдары үшін де тиімді, жалпы ел ішіндегі дауласушылық деңгейін азайтуға ықпал етеді.

Кездесу барысында сондай-ақ Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен билер кеңесінің төрағасы Тілек Арыстанбеков сөз алып, бұрын қазақта түрме, соттың болмағанын, барлық дауларды халықтың өзі сайлаған билер шешкенін тілге тиек етті. Қазіргі заманда молшылықтың, баршылықтың қадірін дұрыс түсінбей, ішімдік ішу, ысырапшылдық жасау, үлкенді сыйламау, ұялы телефон, компьютерлердің, ғаламтордың зиянды салдарынан еңбектен, әдептен алшақтаудан сақтауға, салт-дәстүрімізді ұмытпауға атсалысатын ақсақалдардың, яғни билеріміздің тәлім-тәрбиесінің аса қажеттігі айтылды.

Дөңгелек үстел айналасына жиналған ауылдық округтердің жаңа билері де шараға қызу қолдау көрсетіп, азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге, көптеген мәселелерімізді халық болып, қоғам болып шешуге жасалған осынау бетбұрысқа оң бағаларын берді.

Осындай алқалы жиындар Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Жәнібек, Қазталов аудандарында да өткізілді. Оларда барлық ауылдық округтерде билер кеңесі құрылғаны, жалпы жергілікті әкімшілік пен қалың жұртшылық тарапынан бастаманың үлкен қолдау тапқаны мәлім етілді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дамудың жаңа белесіне өрлеуге серпін берді. Дамудың қазіргі кезеңі ұлттық кодтың, жадымыз бен қасиетіміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің жаңғыруын қажетсініп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазақтың билер сотын ұлттық құндылықтар қатарына жатқызу жөнінде көтеріліп жатқан мәселенің жаны бар. Ұлы даламызда «Қазақтың «Алтын ғасыры» деп атанған таңғажайып өркениеттің болғаны бүгінде тарихтан белгілі. Ол кезде қазақта түрме мен өлім жазасы болмаған. Ең қатал жаза - елден аластау, ең ауыр кесім - құн төлету екен. Кейін орыс отаршылдығының ықпалымен қасиетті даламызға еуропалық заңдар ене бастағанда, өткен ғасырлардағы қазақ зиялыларының барлығы да сол замандарға аңсармен, сағынышпен қараған.

Қазақтың билер сотын тұңғыш зерттеуші ұлт оқымыстысы Шоқан Уәлиханов «Ежелгі халықтық үлгідегі билер соты» атты еңбегінде «Биді ресми түрде ешкім сайламайды да, ресми түрде ешкім бекітпейді де, Еуропадағы ақындар, ғалымдар, адвокаттар сияқты билердің атағы, маңызы жеке бедел әсерлеріне негізделген», «...қазақ әділ сотының беделі билердің Дала заңдарын терең білетіндігімен, олардың шешендік қабілетіне байланысты болған» десе, Ахмет Байтұрсынұлы өз мақалаларының бірінде «бұрынғы әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дәрі еді, бүгінгі арам билердің қолында дәрі болмақ түгіл, у болып тұр» деп жазған.

Билер сотының артықшылығы бітімгершілікті көздейтіндігінде. Билер «Жазалау жаратқанның ғана ісі, біз оның құлымыз» деген және «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп бітімгершіліксіз шешілмейтін ештеңенің болмайтынын меңзеген.

Билер сотын зерттеп, артына «Қазақтың билер соты - бірегей сот жүйесі» деп аталатын бірнеше томдық құнды мұра қаттап кеткен қазақтың осы заманғы ғажап ойшылы, ғалым-заңгер, академик Салық Зиманов: «Бір кездері ежелгі қазақ даласындағы заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасыры» қайтадан біздің тарихымыздың құрамдас бөлігіне - алтын бетіне және болашақта жалпы өркениеттің мұрасына айналар деген үмітім бар... Уақыт өте келе қазақ құқығы әлемдік өркениеттің құқықтық жүйелерінің ішінен лайықты орын алатындығына сеніммен қараймын» - деп атап өткен.

Қазақ ықылым заманнан бері елдің ата дәстүрін заңмен теңестіре құрметтеген. Әрине, бұл жоралғы жиырма бірінші ғасыр өркениетінің талабын қанағаттандыра алмас. Бірақ елдегі тыныштық пен татулық, қоғамның жоғары деңгейде дамуы, халық санасының ізгілікті мұрат тұтуы, бітімгершілік заңдарының басымдылық алуы, елдің жаңарған дәстүрлерінің қылмыстық ахуалды сейілтуі, ұлтаралық татулық, ұлттық идеяның қалыңдата түсетін қоғамдағы шырайлы ахуал, Қазақстанның жаңа мыңжылдықтың орта шеніне дейінгі мақсатты бағдарламасы қазақтың «Алтын ғасырын» қайта оралтуға жетелейді.

Бүгінде билер дәстүрін ұлттық құндылық ретінде қарастырып жатқан елімізде қазақтың дәстүрлі құқығына құлшыныс арта түсті. Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясыың магистранттарына «Қазақ билерінің шешендік өнері» үйретіле бастады. Билер өнегесін құқықтың басқа да салаларына, мектептердің, жоғары және арнаулы оқу орындарының бағдарламаларына да енгізіп, насихаттау көзделген.
Қазақстан Республикасы Конституциясы мен қолданыстағы заңдар аясында азаматтық істерді бітімгершілікпен шешудің пәрменді тетіктері іздестірілуде.

Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындыларына арналған кеңесте Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен билер кеңестерін құруды ұсынған еді. Батыс Қазақстан облысында бұл ұсыныс қолдау тауып, аудандарда сот пен атқарушы биліктің өзара ықпалдасуымен билер кеңестері құрылып, іске кірісе бастады.

Жалпы, дауларды сотқа дейін баламалы негізде шешудің конституциялық негізгі принципі Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 1-бөлігінде көрсетілген: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы».

Таяуда «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының аясында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов пен Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Онда Қоғамдық даму министрлігі мен жергілікті әкімдердің әлеуетін пайдалана отырып, өзара ықпалдастық шеңберінде құқықтық сауаттылықты арттыруға қолайлы алғышарттарды қарастыру алға қойылды.

Билер дәстүріне ұзақ жылдардан бері ден қойып жүрген Е.Боранбаевтың сөзіне қарағанда, соттардың жанынан қандайма болмасын кеңесші орган құруға болмайды. Сондықтан билер кеңестерін құруға сот жүйесі бастамашы ғана болып отыр. Жергілікті әкімшіліктердің жанынан құрылған қоғамдық кеңестерге енді билер кеңестерінің белсенділерін енгізіп, бұл органның беделі мен маңызын жоғарылата түсуге болады. Баршаға аян, қоғамдық кеңестердің құзіреттіліктері қазірдің өзінде нақтыланған және зор әлеуеті де бар.

Сот пен Қоғамдық даму министрлігі арасында жасалған меморандумға байланысты билер кеңестері арқылы қоғамдық кеңестердің құзіреттілік аясын күшейте түсуге болады. Ендігі жерде дін істері де министрлік қарамағында болатындықтан, қоғамдық кеңестердің имандылық ұстанымдарымен байытуға, тіпті кеңестің құрамына дін өкілдерін де енгізіп, тәрбиелік мәні мен пәрменділігін тереңдете беруге мүмкіндіктер бар.
Қазіргі кезде облыстың Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарының бірқатар ауылдық округтерінде билер кеңестері құрылып, жұмыс жасай бастады. Болашақта ауыл билерінің мәртебесі нақтыланып, билер кеңесінің заңдық жақтары тиянақтала түспек.


null
null

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Елжан Ералы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT