Биле, жастық: Ақмола облысында 15 хореографиялық ұжым сайысты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Атбасар қаласында «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалінің «Қазақстанның мәдени астанасы» іс-шаралар жоспары және «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Биле, жастық!» облыстық байқауы өтті, үздіктер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы ұйымдастырған байқаудың мақсаты шығармашылық байланысты дамыту, көркемөнерпаздар ұжымдары жетекшілерінің кәсіби деңгейін арттыру, тәжірибе алмасу және хореографиялық өнердің барлық жанрларын танымал ету.

«Өнер додасына Ақмола облысының аудандары мен қалаларынан 15 көркемөнерпаз хореографиялық ұжым қатысты. Сайыстың бірінші туры – онлайн, екіншісі офлайн форматта өтті», - деді Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасынан.

Байқауда хореографиялық ұжымдар халық биі және өз қалауы бойынша бір би тәрізді екі композициядан тұратын бағдарлама ұсынды.

Үздік хореографиялық ұжымдардың өнері гала-концерт бағдарламасына енгізілді.

Байқау қорытындысы бойынша Көкшетау қаласынан келген «Асыл мұра» халықтық хореографиялық ұжымы Бас жүлде иегері атанса, жүлделі бірінші орынды Қорғалжын ауданынан келген «Қазына» би ұжымы иеленді.

Екінші орынға атбасарлық «Молодость» халықтық би ансамблі және үшінші орынға бурабайлық «Оқжетпес» би ұжымы лайық деп танылды.

Ал, Атбасар ауданының «Родничок» халықтық би ансамблі арнайы жүлдемен марапатталды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.


Соңғы жаңалықтар