Бидай экспорты бойынша Иранмен келісімге қол қойылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл ақпанда Қазақстан мен Ресей бидай жеткізу бойынша Иранмен келісімге қол қояды. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатынан кейін тілшілерге ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, бұл келісім үшінші елдерге бірлескен өнім экспортына да бағытталып отыр.

«Қол қойылған келісімнің (еркін сауда аймағы туралы) ажырамас бөлігі болатын тиісті құжат дайындалатындығы туралы шешім қабылданды. Оған Қазақстан, Ресей және Иран қатысады. Бұл келісім дайындалды. Оған ресми қол қою рәсімі 12 ақпанда Мәскеуде өтпек», - деді Г. Исаева.

Аталған келісім көп жылдарға арналғанына тоқталған ол, «егер де тараптардың бірі құжатты қайта қарастырғысы келсе, онда тиісті шаралар қабылданады», - деді.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы үш жылда Иран астық импортына шектеу енгізген, себебі бұл ел өзін толықтай қамтамасыз ете алады. Бүгінде 12 млн тонна өнім өндіріп келеді. Дегенмен де аталған келісім бірлесе үшінші нарықтарға шығуға жол ашады.

«Иран маңында орналасқан елдер әлемдегі барша астық пен ұн экспортының 70 пайызын тұтынады. Сәйкесінше, Қазақстанның және Ресейдің бидайымен экспортқа бірлесе шығудың бірегей мүмкіндігі бар», - деді Гүлмира Исаева.

Соңғы жаңалықтар