Бидай экспорттайтын 30 елдің арасында Қазақстан ғана теңізге шыға алмайды – министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана халықаралық форумына қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасының басым бағыттарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасының басты мақсаты – экспорт көлемін 2 есе арттыру. Кейінгі екі жыл қатарынан бұл бағытта өсім бар. Мәселен, бидай төңірегіндегі проблемаға ерекше тоқталайын. Әлемде бидай экспорттайтын 30 ел бар. Бұл ретте мен қызық дерек келтіргім келеді – осы 30 мемлекеттің ішінде Қазақстан теңізге шыға алмайтын жалғыз ел. Сондықтан біз экспорт көлемін бірден көтереміз деп айта алмаймын. Себебі өзге әлем елдерінің бидайды теңіз арқылы тасымалдау мүмкіндігі бар. Оны да ескеру орынды деп санаймын», - деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің сөзінше, теңіз арқылы экспортталатын бидайдың құны арзан. Ал көлік немесе теміржолмен тасымалданған тауардың бағасы шығынның көп болуына байланысты әлдеқайда қымбатқа түседі.

Ербол Қарашөкеев бүгінгі форум барысында атап өткендей, былтыр ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 2 млрд доллар инвестиция тартылған. Сондай-ақ, азық-түлік тауарларының өндірісі 4% артып, 6,5 млрд долларға жетті.


Соңғы жаңалықтар