Бибісара Асаубаева әйгілі гроссмейстер Сергей Карякинді қалай жеңгенін айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық шахматшы, блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева әйгілі ресейлік гроссмейстер Сергей Карякинмен өткен сенсациялық ойыны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл мықты турнир болды. Мені ойынға соңғы сәтте шақырды, өкінішке қарай дайындыққа уақыт аз болды. Турнирде әйелдер арасындағы үздік шахматшылар ғана емес, Сергей Корякин, Теймур Раджабов, Александр Грищук секілді әлемнің ең мықты шахматшылары да ойнады.

Рапидте өте жақсы ойын көрсетіп 4 ұпаймен Сергей Корякинді жеңіп, одан бөлек Теймур Раджабов және тағы бірнеше мықты шахматшыдан басым түстім. Ойын нәтижесіне 4 деген баға бердім. Себебі өкінішке қарай, блицтен соңғы ойын күні Сергей Корякинмен тең түссем де, аз ұпай алдым. Көп олқылыққа жол бердім, содан турнирлерге алдын ала тыңғылықты дайындалу керек деген ұйғарымға келдім», - деді Бибісара Асаубаева Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол халықаралық шахмат турниріндегі қарсыласының ойынына пікір білдірді.

«Маған жеңіс бұйырды. Мен кәсіби шахматшы болғандықтан, ойын барысында Сергей Корякиннің қалағаны болмайтынын түсіндім және ол сәт менің жеңіске жетуіме жол ашты. Десек те ол өте мықты қорғаушы және әлемдегі үздік шахматшылардың бірі. Сондықтан жеңісті жіберіп алмау үшін партия соңына дейін күрестім», - дейді шахматтан блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы.

Бұған дейін Б. Асаубаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінен кейінгі әсерімен бөліскен еді.

Сондай-ақ шахматшы алдағы жарыстарға қатысты жоспарымен бөлісті.


Соңғы жаңалықтар