Бибігүл Төлегенова 90 жылдық мерейтойын атап өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 3 желтоқсан күні елордада әлемдік опера примадоннасы Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана Опера» театрында өткен мерекелік шараға Б.Төлегенованың шақыртуымен қазақстандық танымал опера әншілері, ізбасарлары, Бибігүл Төлегенова байқауының лауреаттары қатысты.

Қазақтың бұлбұл әншісі өзінің ауқымды репертуарынан бірқатар нөмірлерді орындады. Атап айтқанда, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Жібектің (Гәкку) ариясы, Г.Тукайдың сөзіне жазылған татардың «Тафтиляу» әні, Н.Лысенконың «Наталка-Полтавка» операсынан Наталканың ариясы шырқалды.

Жиналған қауым ҚР халық әртісінің әрбір өнер көрсетуінен кейін тік тұрып, қошемет көрсетті.

«Бүгін Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен салынған «Астана Опера» театрында әйгілі әнші, аңыз адам Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың мерейтойына орай керемет кеш өтуде. Сізді шығармашылық кешіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Жыл бойы, әлемнің әр бұрышынан сіздің атыңызға мыңдаған хат келіп түсуде. Бибігүл Ахметқызы, сізге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын оқып беруге рұқсат етіңіз, - деген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысының және ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның құттықтау хаттарынан жылы лебіздерді оқып берді.

Кеш барысында опера жанрының хас шеберлері – Дина Хамзина, Жаннат Бақтай, Медет Чотабаев, Италиядан арнайы келген Козимо Оресте, сондай-ақ дарынды жас әртістер – Назым Сағынтай, Гүлжанат Сапақова, Мейір Байнеш, Гүлдана Алдадосова және тағы басқалары өнерлерін паш етті.

«Астана Опера» симфониялық оркестріне Абзал Мұхитдин мен Арман Оразғалиев жетекшілік етті. Театрдың балет труппасы да Бибігүл Төлегенованы жалын атқан нөмірлерімен құттықтады. Танымал әртістер Гаухар Усина, Тайыр Ғатауов, Олжас Тарланов, Әнел Рүстемова, Назира Заетова, Бостан Қожабеков, Данияр Жұматаев хореографиялық өнердің жауһарларын ұсынды. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова. «Астана Опера» театрының хоры бас хормейстер Ержан Дәуітовтің жетекшілігімен керемет өнер көрсетті. Концерттің режиссері – Наталья Кагадий.

«Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, молшылық тілеймін, қуанышты күндеріміз көп болсын, Құдай Тағала бізге қайғы көрсетпесін, елімізде бейбітшілік болсын, барлығымыз аман болайық. Мен көп қиыншылықты, соның ішінде Ұлы Отан соғысын да, аштық пен кедейлікті де көрдім. Сондықтан біздің қазіргі өмір сүріп жатқан уақытымыз – жұмақ деуге болады. Бүгінгі кешіме көп адам жиналды – бұл үлкен бақыт, мұның бәрі біздің Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың арқасы. Ол халық үшін көп жақсылық жасады. Бұл туралы ұмытпауымыз қажет», - деді Бибігүл Төлегенова.

Бибігүл Төлегенова ХХ ғасырдағы ең атақты жиырма әйелдің бірі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Ол жиырмадан астам марапатқа ие. Әншінің сан қырлы репертуары «Гayhap тас», «Жиырма бес» сияқты халық әндерінен, Л.Хамидидің «Бұлбұл», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», М.Төлебаевтың «Еске алу», Е.Рахмадиевтың «Тарантелла», С.Мұхамеджановтың «Көктем вальсi» сынды қазақстандық композиторлардың туындыларынан, сондай-ақ П.И.Чайковский, С.В.Рахманиновтың романстарынан, Н.Римский-Корсаковтың операларындағы ариялардан, батыс композиторларының (Г.Доницетти, Э.Григ, Ф.Шуберт) шығармаларынан және т.б. құралған.

Соңғы жаңалықтар