Биатлоннан әлем чемпионатына қатысушылар Көкшенің көрікті жерлерін аралады

Фото: Фото: udp-rk.kz
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат - «Бурабай даму» кәсіпорны Щучинск қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының қатысушыларына арнап ұлттық парктің көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сұлу Көкшенің етегіндегі биатлон жарысына әлемнің 40 елінен спортшылар қатысып жатыр.

Олар жарыс күндері мен жаттығу арасында Қазақстанның әсем табиғатын аралауға қуана келісті.

Шетелдіктерді Бурабайдың көрікті табиғаты мен қазақ халқының қонақжай пейілі таңғалдырды.

– Қазақстанға келемін деп ешқашан ойламаған едім. Бұл ел туралы білетінім де аз болатын. Керемет ел екен. Бурабайдың ормандары мен көлдері Канадаға қатты ұқсайды. Тіліміз бөлек болғандықтан жергілікті адамдармен қарым-қатынас жасау қиындау, бірақ соған қарамастан керемет әсер алдым. Алдағы уақытта тағы осында жолым түседі деп үміттенемін, – дейді Ванкуверден келген канадалық биатлоншы Тайлер Бринвуд.


Италия құрамасының мүшесі Пьетро да Бурабайдың өздері үшін ерекше мекенге айналғанын айтты.
– Осы чемпионаттан әзірге 2 медаль алдық. 12 наурызда жарыс аяқталғанға дейін тағы да жүлде аламыз деген үмітіміз бар. Жергілікті әсем табиғатты аралап, керемет әсерге бөлендік. Өте мейірімді әрі қонақжай адамдармен таныстық. Италияға Қазақстан туралы керемет естеліктермен қайтатын болдық, – дейді ол.


Соңғы жаңалықтар