БИАТЛОН: Алина Райкова - қысқы универсиада чемпионы

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Словакияның Штербск Плесо қаласында басталған ХХVІІ қысқы универсиадада биатлоннан 15 км қашықтықта әйелдер арасында жарыс мәреге жетті.

Ресейдің Спорт телеарнасы тікелей көрсеткеніндей, бұл жарыста Қазақстан құрамасы өте жақсы нәтижеге қол жеткізді. Жарыс барысында тұрып нысана көздеуде бір рет қана мүлт кеткен қазақстандық Алина Райкова шаңғымен жүгіруде ұшқырлық таныта білді. Соңғы нысанадан кейін ол ресейлік Екатерина Аввакумовадан 9 секундқа қалып келе жатқан-ды. Дегенмен кейінгі шақырымда жүрісін үдеткен ол мәреде ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп, чемпион атанды. Екінші орынды Е.Аввакумова, қола жүлдені словакиялық Паулина Фиалкова иеленді. Тағы бір қазақстандық, нысана көздеуде екі рет мүлт кеткен Галина Вишневская төртінші, Дарья Усанова тоғызыншы орыннан көрінді.

Бұған дейін шаңғыдан қысқа қашықтықта қазақстандық Анастасия Слонова жеңімпаз атанған болатын. Универсиада жаңа басталып жатқандықтан, алдағы жарыстарда да қазақстандықтардың медаль үшін таласатыны анық.

Соңғы жаңалықтар