«BI Жұлдызай» фестивалі 10 жыл ішінде 36 мыңнан астам баланы сахна төріне шығарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2005 жылы басталған «BI Жұлдызай» фестивалі 36 мыңнан аса баланың талантын шыңдап, өнер жолына түсуіне дәмеу болды. Айта кетерлігі, бұл фестиваль əдеттегі өнер жарыстарынан ерекше, себебі, байқау мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Бұл туралы бүгін «BI Жұлдызай» қорының он жылдығына орай түсірілген фильмнің презентациясында қор директоры Гүлхан Исабаева айтып берді.

«Фестиваль мүмкіндігі шектеулі, үйде отырып білім алатын, болмаса, денсаулығын түзету орындарындағы балаларға арналған. Көзі көрмесе де, көңілі əнді сүйетін, құлағы есітемесе де, сурет салуға шебер балалар көп. Біздің мақсатымыз да сол - осындай балалардың талантын ашып, олар да қоғамның бір мүшесі екенін сезіндіру. Мысалы, қазақстандықтар жақсы көретін «Сəт» триосы да біздің фестивальден қанат қаққан. Қазір олар өз орнын тапты. Біз сондай-ақ фестивалімізге қатысқан балаларды халықаралық байқауларға да жібереміз»,-дейді Г.Исабаева. Ал, қор директорының орынбасары Алтынай Тəңірберген «таланатты балаларды бөле-жара қарамаймыз, тіпті, кейде осындай ерекше балалар арасындағы емес, кəдімгі конкурстарға қатыстырамыз»,-дейді. «Мынандай бір қызық оқиға болған. 2013 жылы біздің фестивальдің «би» номинациясы бойынша Петропавл қаласынан келген құлағы нашар еститін, мылқау балалар бірінші орын иеленді. Көп ұзамай, олар Ресейде өткен бір жарысқа өтініш берген, бірақ, ерекше балалар екенін айтпаған. Кейін ойдағыдай өнер көрсетіп, тіпті, жүлделі орын иеленген. Жеңімпаздарды жариялағанда педагогтары сыртта жүрсе керек, олар өздерін шақырғанын естімей тұрған. Сол кезде қазылар алқасы балалардың саңырау екенін бірақ-ақ білген»,-дейді ол балалар денсаулық жағдайына қарамастан өмірге құштар екенін айта келе. Жалпы, ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль енді наурыз-сəуір айларында бүкіл Қазақстан аумағын қамти өтеді.

Соңғы жаңалықтар