«BI Group» кіммен соттасқалы отыр – компания ресми ақпарат берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «BI Group» компаниясының баспасөз қызметі компания басшысы Айдын Рахымбаевтың коронавирус жұқтырғандарға арналған емхана құрылысы туралы жағымсыз ақпарат таратқандардың үстінен арызданатыны туралы мәлімдемесін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«BI Group компаниясына қатысты әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін әрі компанияның іскерлік абыройына нұқсан келтіретін ақпарат әдейі таратылды. Сол себепті холдингтің атына кір келтіретін жала сипатындағы мәліметтердің бастамашысын табуды жөн деп шештік. Ол адамдарды тапқаннан кейін біздің заңгерлер сот процесіне дайындықты бастайды», - деп хабарлады BI Group холдингінің PR-директоры Юрий Дорохов редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Компания жалған ақпарат таратқан адамдарды заңға сәйкес жазалауға бекініп отыр.

«Қылмыстық кодекске сәйкес жауапкершіліктің қандай болатынын сот шешеді. Бұл жерде әңгіме анонимді телеграм-канал арқылы Қазақстанның үш қаласында емхана салуға қатысты жалған ақпарат тарату туралы сөз болып отыр», - деп қосты ол.

Айта кетсек, бұған дейін «BI Group» компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев Facebook-парақшасында жазба жариялап, жала жабушы адамдарды сотқа беретінін мәлім еткен еді.

«BI Group компаниясы осындай қысылтаяң кезеңде процедураларды пайдаланып, ақша тапқысы келеді деген сыңайда ақпарат тарала бастады. Келісімге қол қоймай жатып, жұмыстың басталып кеткені туралы шынайы және фейк-аккаунтардан жазылды. Белгісіз біреу таратқан бұл ақпарат қалайда кең ауқым алып барады», - деп жазды Айдын Рахымбаев Facebook-те.

Оның айтуынша, бір апта бұрын коронавирус бойынша республикалық штаб тез тұрғызылатын емхананы салу қажеттігі туындауы мүмкіндігін хабарлаған. Және ол үш аптада салынып бітуі тиіс. Осылайша, «BI Group» компаниясы инженерлік, техникалық, логистикалық және адамдардың ресурстарына ие Қазақстандағы ірі компания ретінде жұмыс тобына енгізілген.

«Бұл халықаралық тәжірибе. Екі тәуліктің ішінде жабылған қалалар мен шекаралардан құрылыс материалдарын жеткізу бойынша қаншама нұсқаны қарап, ақыры елдегі бар материалмен емхананы салуды жөн деп шештік», - дейді Айдын Рахымбаев.


Соңғы жаңалықтар