BI-Group әлеуметтік желідегі жазба үшін тұрғынмен соттасып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - BI-Group құрылымына енетін BI-capital құрылыс компаниясы «Arthouse» ТК тұрғынын сотқа берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Аталған іске қатысты отырыс Астана қаласының Алматы аудандық азаматтық істер жөніндегі сотта өтті. BI-Group компаниясының өкілінің айтуынша, Лейла Пішенбаеваның «Фейсбук» әлеуметтік парақшасындағы жазбалары негізсіз әрі шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат болғандықтан, компанияның іскерлік репутациясына зияны тиген. Жазба «BI Group (BI Service) Отзывы» парақшасында жарияланған. Сонымен бірге, компания өкілдері «рейдерлік алдау, бопса мен қорқыту» секілді сөздер негізсіз екенін айтады.

Сотқа BI Group компаниясының атынан келген заңгер Ержан Исмагенов Лейла Пішенбаеваның әлеуметтік желідегі сөзі компанияның жұмысына кесірін тигізеді деп есептейді.

«Біз сатудың төмендеп кеткенін біліп отырмыз. Бұл жағдайға осы жазба әсерін тигізді демейміз, бірақ бұл да фактор болуы мүмкін. Тұтынушылар Гугл немесе Рамблер, Яндекс арқылы «BI Group пәтерлері», «BI Group туралы пікірлер» деген сөзді іздесе, бірден фейсбук парақшаны табады. Ал онда расталмаған және айыптаушы сипаттағы осындай мазмұнды ақпараттар шығады», - дейді ол.

Өз кезегінде Лейла Пішенбаева бірде-бір жазбасында BI Group компаниясын жазбағанын алға тартады. Оның айтуынша, барлық сөздер қызмет көрсетуші компания ретіндегі - «Астана ЖилСервиске» арнала жазылған. Әлеуметтік желіні қолданушы өз сөзінде басқарушы компанияда тұрғындарға жазуға кеңес бергендіктен, Лейла Пішенбаева «көзге елемеушілік пен арызға жауап болмағаны үшін» солай әрекет еткен.

Сонымен қатар, ол жазбасында неліктен белгілі бір сөздерді жазғанын түсіндіріп берген. Ал «рейдерлік кондоминиумға» қатысты оның айтуынша, «басқарушы компанияны анықтау кезінде тұрғындарға тиісті құжаттарға қол қойдыруға мәжбүрлеген». Жауапкердің сөзіне сүйенсек, ТК-ның лифттерінде тұрғындардың келісімінсіз жарнамалар ілініп, одан түскен пайда қаржылық есепте көрінбей қалған. Ал сатып алған кезде жеке меншік иесіне берілетін және барлығына ортақ жертөле көлік тұрағы болып жарақтандырылған. Көлік тұрағынан орын алу үшін Лейла Пішенбаева мен басқа да тұрғындар қосымша ақы төлеген. Оның айтуынша, Басқарушы компаниямен келісімге отырудан бас тартқаны үшін пәтердің кілтін бермей қоятындарын айтып бопсалаған. Әлеуметтік желі қолданушысы «алдау, бопса мен қорқыту» деген сөздерге осы себепті меңзеген көрінеді.

Судья Айгүл Молдыбаева қос тарапты татулыққа шақырып, Лейла Пішенбаеваға дәл қазіргі уақытта жауапкерде жазбаша түрде дәлел болмағандықтан арыз беруші ретінде сотқа жүгінуге кеңес берді. Татуласу үшін BI-Group шарт қойып отыр: ол шарт бойынша Лейла Пішенбаева компания мен оның қызметкерлерінің көпшіліктің алдында кешірім сұрауы керек.

«Арыз беруші маған компания қызметкерлерінен кешірім сұрап, әлеуметтік желіде жариялауымды талап етіп отыр. Тіпті мәтінді де даярлап қойыпты (...) Талап арқылы менің арым мен намысымды тапталып отыр деп есептеймін. Осылайша, олар мені өтірікші адам етіп көрсетпек (...) Мұндай шарттарға көнбеймін», - деп қосты Лейла Пішенбаева.

Сот шешімі 25 қыркүйек күні шығарылады.

Лейла Пішенбаеваны қолдау үшін куәгер ретінде шақырылмаған ТК-ның өзге де тұрғындары келген. Сотта олар тыңдаушы ретінде қатысты.

Айта кетерлігі, BI-Group компаниясы осы айда екінші мәрте әлеуметтік желідегі жазба үшін соттасып жатыр. Бұған дейін «Объектив Казахстан» ақпараттық агенттігінде жазылғандай, Гульвира Абетаеваға есімді әлеуметтік желінің қолданушысына дәл осындай айып тағылған болатын. Ол кезде сот Г.Абетаеваның жазбаларын жала деп тапқан.

Соңғы жаңалықтар