БҒМ мектеп мұғалімдерін даярлау мәселесін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерді даярлау шаралары туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізі, 2016 жылы жаңартылған білім бағдарламасы қолға алынғанда біз бірден бакалавр мен магистратура бойынша маман даярлауға кірістік. Дәл осы мамандар xимия, биология, физика сияқты жаратылыстану-математика пәндерін ағылшын тілінде оқытады. 2020-2021 жылдары бакалавр мен магистранттар оқуды аяқтап, мектептерге келе бастайды. Олардың барлығы - жаңадан келетін мұғалімдер. Біз оларды мемлекеттік тапсырыспен арнайы оқытып жатырмыз», - деді Б.Асылова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Вице-министрдің айтуынша, жас мамандардың бәрі отандық жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олар бірінші курстан бастап тек ағылшын тілінде ғана оқытады. Бакалавр да, магистратура да солай.

«Магистранттар оқуды аяқтауға жақын. Ал бакалавр 2020-2021 жылдары оқуды аяқтайды. Олардың барлығы мектепке барып, үш жылдай жұмыс істеуге міндетті. Мемлекеттік тапсырыстың шарты солай», - деп атап көрсетті Б.Асылова.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова да ағылшын тілінде сабақ оқытуға қатысты пікір білдірген болатын.

«Бүгінде барлық адамдарды ойландырып жүрген маңызды бір мәселе ол - xимия, физика, информатика мен биология пәндерін жоғары класта ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты қазір ағылшынша сабақ беруге асықпай көшу туралы шешім қабылданып отыр. Республика бойынша 150-ден артық мектеп ол бағдарламаға көшкен. Біз қазір бұларды зерделеп, қарап отырмыз. Оқушылар неден қиналып отыр? Ұстаздар қандай қиындық көріп жатыр? Біз оларға қалай көмектесеміз? Соны жан-жақты зерделеп жатырмыз. Сондықтан ұстаз бен мектеп дайын болған кезде, өздеріңізбен келісе отырып, біртіндеп ағылшын тілінде оқытуды енгізе бастаймыз. Асықпаймыз, ешкім қуып келе жатқан жоқ», - деді К.Шәмшидинова Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.

Соңғы жаңалықтар