БҒМ қашықтан оқыту турасында: Мектептерде қатып қалған сабақ кестесі жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұғалімдерді, ата-аналарды немесе оқушыларды мәжбүрлеуге болмайды. Бұл туралы бүгін онлайн брифингіде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім және ғылым министрлігі мониторинг жүргізіп отыр екен деп, барлық мұғалімдерді, ата-аналарды немесе оқушыларды күштеп, платформаларға қосылыңдар деп мәжбүрлеуге болмайды. Біз тек қазіргі уақытта төртінші тоқсан қашықтан оқыту форматында қалай басталғанын байқап отырмыз. Осы орайда бұл процеске мұғалімдер мен оқушылар қаншалықты кірісе алғанын қарап шықтық. Жалпы, жақсы үрдісті байқадық, 3 миллионнан астам оқушы бар болса, соның 1 миллионға жуығы пайдаланып жатыр», - деді вице-министр.

Осы орайда ол қашықтан оқыту кезінде туындаған кемшіліктер зерделеніп отыратынын атап өтті.

«Мектептерде қатып қалған сабақ кестесі жоқ. Осы орайда әр мектепте мұғалімдер өздеріне ыңғайлы сабақ кестесімен жұмыс істейді, педагогтерге шығармашылық еркіндік беріледі», - деді Ш. Каринова.

Сонымен қатар вице-министр қашықтан оқыту кезінде бүгін таңертең бастауыш сынып оқушылары білім беру жүйелерін белсенді пайдаланғанын айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қашықтан оқыту кезінде мұғалімдерден есеп беру талап етілмейді.


Соңғы жаңалықтар