Бейжіңде қытайлық студенттер арасында қазақ тілін меңгеру бойынша алғашқы байқау өтті

Редактор:  
Айдар Оспаналиев

Бейжіңде қытайлық студенттер арасында қазақ тілін меңгеру бойынша алғашқы байқау өтті Фото: gov.kz

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі Бейжің шет тілдер университетімен бірлесіп, Бейжің, Шанхай және Сиань шет тілдері университеттерінде оқитын қытайлық студенттер арасында қазақ тілін білу бойынша алғашқы байқау ұйымдастырды.

Іс-шараға ҚХР Орталық ұлттар университетінің студенттері де қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Байқауға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қазақстан мен Қытайдың студенттер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар мен алмасуларды тереңдетуге бағытталғандығы туралы хабарлады. Ол қытайлық студенттердің қазақ тілін үйренуі елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жаңа қосымша серпін беретінін атап өтті.

photo

Байқау аясында қазақстандық дипломат Бейжің шет тілдер университеті Партия комитетінің хатшысы Ван Динхуамен кездесу өткізіп, оның барысында білім беру саласындағы ынтымақтастық перспективалары, қазақстандық жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынастар орнату мәселелері, сондай-ақ қазақстандық студенттер мен оқытушыларды осы университетте оқыту және тағылымдамадан өткізу мүмкіндігі талқыланды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қытайдың бірқатар университеттері жыл сайын қазақ тілі байқауын өткізуге қызығушылық танытты. Сонымен қатар, қатысушылар осындай іс-шаралардың іс жүзіндегі пайдасын атап өтті. Жүлделі орындардың иегерлеріне Қазақстан Елшілігінің атынан грамоталар, сондай-ақ естелік сыйлықтар мен кәдесыйлар табыс етілді.

Айта кетейік, 2015 жылдан бастап Қытайдың бірқатар жоғары оқу орындарында (Бейжің, Шанхай, Далянь және Сиань қалалары) ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігінің қолдауымен ашылған «Қазақстан орталықтары» жұмыс істейді.

photo

2016 жылдан бастап Бейжің, Шанхай және Сиань шет тілдері университеттерінде жыл сайын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша қытайлық студенттерді қабылдау жүзеге асырылуда.

photo
photo




Серіктестер жаңалықтары