Бейжіңде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған онлайн конференция өтті

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қазақстан Еуразия құрлығы мен әлемдік аренада маңызды рөл атқарады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық практикалық онлайн конференция барысында ҚХР Үкіметінің арнайы өкілі Ли Хуэй айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияны ашқан ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев: «Биылғы жыл Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осы жылдар ішінде жас мемлекеттің қалыптасуынан сенімді дамып келе жатқан заманауи экономикасы, тұрақты ішкі және сыртқы саясаты бар халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесіне дейінгі жолды Қазақстан абыроймен жүріп өтті», - деді.

Қазақстандық дипломат 2022 жылдың қаңтарында Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 30 жылдық межеден өтетінін еске салып, елдер арасында БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэй өз сөзінде қазіргі Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ елдің халықаралық беделі ілгерілеп келе жатқанын айтты. «Қазақстан бүгінде Еуразия құрлығында және әлемдік аренада маңызды рөл атқаратын ең белсенді мемлекетке айналды», - деп атап өтті Қытай дипломаты.

Сондай-ақ, іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық практикалық онлайн конференцияны ҚР-ның ҚХР-дағы Елшілігі Қытай қоғамдық ғылымдар академиясымен бірлесіп ұйымдастырды.

Халықаралық онлайн конференцияға ҚР мен ҚХР жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылығы мен сарапшылары қатысты.


Соңғы жаңалықтар