Бейжіңде коронавирустың таралуы бәсеңдеді

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытай астанасы - Бейжің қаласының 6 шағын ауданында эпидемиологиялық қатер деңгейі орташадан төменге дейін бәсеңдеді. Дегенмен, қалада коронавирустың таралуына қатысты эпидемиологиялық тәуекел деңгейі жоғары қалып отырған бір елді мекен бар, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Соңғы ресми деректерге сәйкес, Бейжіңде коронавирус таралуының 22 «орташа тәуекел аймағы» қалып отыр.

Өткен жексенбі күні Бейжің Үкіметінің баспасөз хатшысы Сюй Хэцзянь астанада COVID-19 коронавирус инфекциясының алдын алу және бақылау саласындағы жалпы жағдай тұрақталғанын атап өткен болатын. Дегенмен, оның айтуынша, індеттің таралу қаупі әлі де бар. Бірақ, ол бақыланатын шекте тұр.

Бейжің Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметтеріне қарағанда, 11 маусымнан бастап 4 шілдеге дейінгі аралықта қалада коронавирус жұқтырудың нақтыланған жаңа 334 жағдайы тіркелген. Оның 47 пайызы «Синьфади» көтерме базары қызметкерлерінің арасынан шығып отыр.

Бейжің билігінің коронавирус тасымалдаушылармен байланысты адамдарға қатаң бақылау жүргізіп отырғандығына қарамастан олардың кейбірі оқшаулану ержесін бұзып, вирустың таралу қаупін арттыра түсуде. Ал бұл мұндай оқиғаларды эпидемиологиялық тергеуге жұмылдырылған Бейжің қызметтеріне жүктемені арттыратындығы белгілі.

Айталық, өткен аптада Бейжіңде оқшаулану ережесін бұзған жас қызға байланысты оқиға қоғамда үлкен наразылық туындатқан болатын. Кейіннен ол бойжеткеннен коронавирус инфекциясы табылған еді. Эпидемиологиялық тергеу барысында аталған қызбен тығыз байланыста болған 200-ден астам адам анықталды. Олардың 66-сы медицина қызметкерлері, 47-сі сауда үйлерінің бірінің қызметкерлері, 15-і такси жүргізушісі екендігі белгілі. Қазіргі уақытта бойжеткенмен байланыста болған адамдардың бәрі оқшауланып, медициналық бақылауға алынған.

Жексенбі, 5 шілде күні Ішкі Моңғолия автономды ауданының Баян-Нур қалалық округының денсаулық сақтау ісі жөніндегі комитеті аталған округте оба індетінің таралу қаупіне байланысты 3-деңгейлі ерте ескерту режимін жария еткен болатын. Бұл режим 2020 жылдың соңына дейін қолданыста болады.

Баян-Нур медициналық билігінің мәліметтеріне сәйкес, сенбі, 4 шілде күні жергілікті ауруханаға без түйіні обасына шалдығу күдігімен бір пациент түскен. Осыған байланысты Баян-Нур әкімшілігі жергілікті тұрғындарды жеке гигиенаны сақтауға, обаның табиғи ошақтарына жоламауға, обаға тән симптомдар білінген жағдайда медициналық көмекке жүгінуге шақырып отыр.


Соңғы жаңалықтар