Бейжіңде ҚХР құрылғанына 70 жыл толуына орай әскери парад болды

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытай астанасында Қытай Халық Республикасының құрылғанына 70 жыл толуына орай әскери парад болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі оқиға орнынан.

Оған Қытай халық азат ету армиясының 15 мың әскери қызметшісі, 580 әскери техника және 160 әскери ұшақ қатысты.

Ауқымды парадты ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қабылдады.

Парадта жаңа әскери техника үлгілері жұртшылыққа алғаш рет көрсетілді. Олардың арасында құрлықаралық «DF-41» баллистикалық зымыраны, «DF-17» гипердыбыстық глайдер зымыран тасымалдағышы, H-N6 стратегиялық бомбалағышы, дыбыстан жылдам ұшатын «CJ-100» қанатты зымыраны, соққы беретін «Lijian» басқарушысыз ұшатын («стелс» технологиясымен ұшатын) ұшағы, т.б. бар.

Әуеде ұшқан әскери ұшақтар, жойғыш ұшақтар, тікұшақтар, көлік ұшақтары парадқа ерекше көрініс сыйлады. 1,3 мың әскери қызметші қатысқан оркестр парадты музыкамен сүйемелдеп тұрды.

Қытайдың бітімгерлері де алғаш рет әскери парадқа қатысты. ҚХР-ның бітімгерлері (2,5 мыңнан астам) БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері арасында ең көбі. Жалпы парад 80 минутқа созылды.

Парад соңында 100 мыңға жуық адамның қатысуымен салтанатты шара болды. Қытай қоғамының барлық буындарынан жиналған қисапсыз адам Бейжіңнің басты көшесі — Чананьцзе және Тяньаньмэнь алаңынан жүріп өтті.

Мемлекеттік мереке құрметіне 70 мың көгершін мен түсті шарлар ұшырылды.

Одан әрі гала-концерт қойылып, отшашу болды.

Еске салайық, бүгін Қытайда «Алтын апта» басталады. Яғни аспан асты елінің тұрғындары 7 қазанға дейін демалады.

Автор: Руслан Сүлейменов

Соңғы жаңалықтар