Бейжіңде қазақтың ұлттық дәстүрі көрсетілді

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 23 наурызда «Таюань» дипломаттық компаундта Бейжіңде тұратын қазақстандықтар Наурыз мейрамын тойлады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.

Іс-шара шағын футбол бойынша турнирмен басталды. Оған 40 адамнан құралған 6 команда қатысты. Олардың арасында қазақстандық дипломаттар, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) хатшылығының қызметкерлері, ұлттық компания өкілдері мен олардың отбасы мүшелері болды.

ҚХР-дағы ҚР Елшісі Шахрат Нурышев барлығын Наурыз мейрамымен құттықтап, жеңімпаз командалар мен турнир жүлдегерлерін, үздік ойыншыларды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Дипломат қазақтың «тұсау кесер» дәстүрін өткізіп, Ален Асқарұлының тұсауын кесті.

Жайылған дастарханға ҚР дипломаттары мен ұлттық компания өкілдерінің жұбайлары әзірлеген қазақтың ұлттық тағамдар (наурыз көже, бауырсақтар, қазы-қарта және т.б.) қойылды. Үлкендер мен балаларға спорттық жарыстар - «көрісу», «арқан тарту», «теңге ілу» «орамал тастамақ», «тымақ ұру», «сақина салу» ұйымдастырылды.

«Мен 1976 жылы Алматыда дүниеге келдім. 1991 жылы Германияға қоныс аударып, қазір Қытайда тұрып жатырмын. Әз Наурыз мейрамы барлық адамдарды біріктіреді. Германияда Наурызды Қазақстаннан қоныс аударған басқа немістермен бірге тойлайтынбыз. Қытайда да Наурызды мерекелеуді жалғастырып жатырмыз», - деді Дмитрий Флехнер ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

Еске салайық, Бейжіңде 21 наурызда «Житань» орталық саябағында қазақ диаспорасының өкілдері Наурыз мейрамын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар