Бейжіңде қазақ тілінің мәртебесін көтерген байқау өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Бейжіңде қазақ тілінің мәртебесін көтерген байқау өтті - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университетінде, Қытайдың жоғары оқу орындарында оқып жатқан өзге ұлт студенттері арасында қазақ тілінен республикалық байқау өтті, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

«Қытайда қазіргі күні өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс артып келеді. Сондықтан да Қытайдың Орталық ұлттар университеті, Шыңжаң университеті, Іле педагогикалық университеті секілді танымалы білім ордаларында өзге ұлт студенттеріне арналған қазақ тілін үйрететін сыныптар ашылған. Міне осы оқу орындарының студенттерінің білім деңгейін сынауға арналған, 2019 жылғы республикалық қазақ тілі байқауын Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультеті ұйымдастырған. Бұл аталған жарықса Бейжің шетел тілі университеті, Шыңжан университеті, Іле педагогикалық университеті және Орталық ұлттар университетінің 26 студенті қатысты»,- деп жазады People Daily.

Аталған ақпарат көзінің жазуынша, қатысушылардың деңгейін әр қырынан сынаған байқау бірнеше кезеңге бөлінген. Олар жазбаша, ауызша сынақ тапсырып, қытай, қазақ тілдерінде ауызекі аударма жасау, берілген қазақша мәтінді жатық оқып, мазмұндап беру, жаңылтпаш айту, мақал-мәтелдерді аудару, берілген тақырып аясында мақала жазу түрлері бойынша сынақтардан өткен.

«... Осылайша, екі күнге жалғасқан іс-шара соңғы мәресіне жетіп, қазылар алқасы қазақтың тілін жақсы меңгеріп, шын жүйрік екендігін дәлелдеген жеңімпаздарды анықтады. Байқаудың бас жүлдесін Шыңжаң университетінің студенті Уаң Зыли мен Іле педагогикалық университетінің студенті Фың Лили қанжығалады», - деп жазады қытайлық БАҚ.

Қазақстанның «Ел арна» телеарнасында түрік фильмдері көрсетіле бастады - TRT

Түркия мен Қазақстан арасында фильм саласында келісім жасалды. Қазақстанның «Ел арна» телеарнасында түрік фильмдері көрсетіле бастады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Хабар Агенттігі» АҚ-ның құрамындағы республикалық телеарналардың бірі «Ел арна» ұйымдастырған «Түрік фильмдері апталығы» аясында 10 түрік фильмі қазақ көрермендеріне ұсынылады.

Қазақ көрермендері араларында «Махаббат пен өлім уақыты», «Суық, жаңбыр жауып тұрды», «120» және «Моммо - қарындасым» сияқты туындылар бар фильмдерді қазақша дубляжімен тамашалайды.

Түрік фильм апталығы көрсетілімі Түркияның Қазақстандағы өкілетті елшілігінің қолдауымен жүзеге асуда. Түркияның Қазақстан елшісі Невзат Уянык «Мақсатымыз бұл іс-шарамен екі ел арасындағы мықты мәдени байланысқа үлес қоспақ» деді.

Қазақстанның фильм телеарнасы «Ел арна» теледидары тарапынан жүзеге асырылатын түрік фильмдері апталығы 10 күнге жалғасады. Аталмыш фильмдер Қазақстан телеканалында қазақ тілінде дубляжбен көрсетілетін алғашқы фильмдер болу ерекшелігіне ие.

Қытай елі Токио олимпиадасында боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлына үміт артады - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытай елі сенім артып, таңдау жасаған боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы Токио-2020 Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтуге тыңғылықты дайындалып жатыр, деп хабарлайды Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған дереккөзінің жазуынша, Қытай мемлекеті әлемдік додаға үкілеп қосқалы отырған, елдің үздік боксшысы, қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанұлы 1996 жылы Қытай Халық Республикасының Алтай қаласында туған. Тоқтарбек 10 жасынан бастап, Қытайдағы белгілі бапкер Мұрат Бошайұлының шәкірті атанып, бокстің қыр-сырын меңгереді.

«...Тоқтарбек Таңатқанұлы 2011 жылы Шыңжан құрама командасына қабылданған. Ол Шынжаң өлкесінің үш дүркін чемпионы, ҚХР-дың жастар арасындағы біріншілігінде бас жүлдені де қанжығалаған. Сондай-ақ, 2017 жылы Қытай чемпионатында 75 келі салмақта қарсыласын басымдықпен ұтып, ел чемпионы атанған. Тоқтарбек Таңатқанұлы осы жеңісінен кейін, 2017 жылы бокстан Қытай ұлттық құрама командасына қабылданады. Бүгінгі күні ол Қытай ұлттық құрамасындағы 75 кг салмақ дәрежесіндегі ең үздік былғары қолғап шебері атанған. Сондықтанда, Тоқтарбек Таңатқанұлы Қытайдың Токио-2020 Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алуына сенім артып, үкілеп қосатын боксшысы мәртебесін иеленіп отыр», - деп жазады CNR.

Нұр-Сұлтанда жаңартылатын қуат көздері туралы үшінші отырыс өтеді - «Фарс» ақпарат агенттігі

Қазақстанның Энергетика министрлігі Нұр-Сұлтан қаласында әртүрлі елдерден 300 өкілдің қатысуымен жаңартылатын қуат көздері туралы үшінші отырыс (Renewable Energy Summit 2019) өтетінін хабарлады, деп жазады parstoda y ақпарат агенттігі.

Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның Энергетика министрлігі бұл отырысты өткізудегі мақсаттың қайта қалпына келетін қуат көздерін пайдалану мәселелерін талқылау және өз елі мен әлемдік қауымдастықтың жасыл болашағын жасауға айтарлықтай үлес қосу үшін ең үздік әрі тиімді шешімдер қабылдау екенін мәлімдеді.

Бұл жобада, сондай-ақ, қалпына келетін қуат көздері саласында тәжірибемен алмасу үшін сарапшылар, инвесторлар мен білікті мамандарды Қазақстанға тарту қарастырылған.

Бұл отырыс Қазақстанның энергетика апталығы (Kazakhstan Energy Week 2019 (KEW-2019) аясында өтеді.

Өзбекстан Моңғолиямен экономикалық байланыстарды нығайтпақ - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан Моңғолиямен экономикалық байланыстарды нығайтпақ. Бұл жайында Өзбекстан Республикасы Президентінің жарлығы жарияланды, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған ақпарат көзінің жазуынша, Жарлықта, Өзбекстан Республикасы Моңғолия Республикасымен экономикалық байланыстарды нығайтуға қаратылған негізгі бағыттар көрсетілген. Онда,

-Өзбекстан мен Моңғолия арасында әуе жолдары мен транспорт қатынасын ашу;

-Өзбекстаннан Моңғолияға көкеніс және дақылдар, қауын, жүзім және басқа да өнімдерді жеткізу;

-Моңғолиядан Өзбекстанға ет және ет өнімдері мен басқа қажетті заттарда әкелу көзделген.

Құжатта, «Өзбекстан әуе жолдары» ұлттық авиакомпаниясы тарапынан Моңғолия Республикасына бағытталған әуе жолдар дәлізі бір ай ішінде ашылсын. Сондай-ақ тауарларды тасу және ол мемлекеттен әкелінетін ет және ет өнімдерін әкелуде көрсетілетін қызметтері қолайлы бағады жүзеге асырылсын», - деп көрсетілген.

Соңғы жаңалықтар