Бейжіңде «Абай оқулары» өтті

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжіңде Чаоян орталық саябағындағы «Цзиньтай» музейінде жыл сайынғы «Абай оқулары» өтті. Шара биыл Астананың 20 жылдығына арналды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Іс-шара Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Танымал қытайлық мүсінші Юань Сикун жасаған ескерткіш ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің бастамасымен 2014 жылдың 19 наурызында орнатылған болатын.

Абай шығармаларын тыңдауға ҚХР СІМ-нің Еуропа және Орталық Азия елдері департаментінің кеңесшісі Лю Цзяньпин, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, Қытай халық саяси консультативтік кеңесінің мүшесі, танымал жазушы Ақбар Мәжит, «Цзиньтай» музейінің директоры Жо Хуа, сондай-ақ дипломаттар, қазақстандық және қытайлық студенттер, қазақ диаспорасының өкілдері келді.

ҚХР-дағы ҚР Елшісі Шахрат Нұрышев атап өткендей, 2018 жылы Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа мазмұнмен және бастамалармен толықтыруды жүктеді.

«2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын назарға ала отырып, елшілік екі елдің жастары арасында осындай мәдени шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын», - деді Ш.Нұрышев.

ҚХР СІМ-нің Еуропа және Орталық Азия елдері департаментінің кеңесшісі Лю Цзяньпин өз кезегінде Чаоян саябағында Абай ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысқанын еске алды.

«Абай шығармалары терең оймен ерекшеленеді, қазақ халқының рухы мен мәдениетін көрсетеді. Абай шығармашылығы Қытайда да өте танымал. Биыл Ай күнтізбесі бойынша жаңа жылды қарсы алуға арналған Қытайдың Орталық телеарнасының гала-концертінде Абай туындыларының бірі оқылғаны бұған айқын дәлел»,- деді ол.

Тұрсын Жұртбай мен жазушы Ақбар Мәжит сөз сөйлегеннен кейін қазақстандық студенттер, «Балдырған» балаларды дамыту орталығының тәрбиеленушілері, Қытайдағы қазақ жастары, сондай-ақ Бейжің шет тілдер университетінде қазақ тілін үйреніп жүрген қытайлық студенттер концерт қойды.

Шараға Мағжан Жұмабаев мен Жанат Әскербекқызының өлеңдерін қытай тіліне аударған Қытай жалпы ғылымдар академиясы жанындағы Шетел әдебиеті институтының ғылыми қызметкері Ван Сяоюй белсенді қатысқанын айта кету керек.

«Мен 10 жыл бұрын Қытай орталық университетінде екі жыл қазақ тілін үйрендім. Биыл да Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын мерекелеуге қатыстым. Сондай-ақ мен Мұқағали Мақатаевтың шығармаларымен таныспын. Қазіргі заманғы қазақстандық ақындардан Бақытжан Қанапиянов пен Жанат Әскербекқызын атай аламын», - деді ол ҚазАқпаратқа берген сұхбатында. 

Соңғы жаңалықтар