Бейжің тұрғындары ковид қонақ үйлеріне орналастырыла бастады

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Бейжің қаласының 5 мыңға жуық тұрғыны 7 күнге ковид қонақ үйлеріне орталықтандырылған карантинге жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Бэйцзин Жибао басылымына сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, жұмадан бастап Чаоян мегаполисінің Наньсинюань кварталының тұрғындары ковид қонақ үйлеріне орналастырыла бастады. Мұндай шешім бір тоқсанда сегіз тұрғын үйден 26 COVID-19 оқиғасы анықталғаннан кейін қабылданған.

Жергілікті билік 5 мыңға жуық тұрғынды орналастыру үшін Қытай астанасындағы 57 қонақ үйден 4000-нан астам бөлме бөлді. Тұрғындар ковид қонақ үйлеріне ауыстырылғаннан кейін коронавирус анықталған пәтерлерде жоспарлы дезинфекция жүргізіледі.

Осы демалыс күндерінен бастап Хайдянь ауданының тұрғындарына үйде жұмыс істеуге кеңес беріліп, басқа төрт ауданда (Чаоян, Фэнтай, Шуньи және Фаншань) қашықтықтан жұмыс істеу режимі 28 мамырға дейін ұзартылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 22 сәуірден бастап Бейжіңде коронавирустың өршуіне байланысты шектеулер енгізіле бастады. ҚХР астанасында мәдени және ойын-сауық мекемелерінің, фитнес-залдардың жұмысы тоқтатылды, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Мейрамханалар мен тамақтану орындары тек жеткізу және алып кету қызметтері арқылы жұмыс істейді. Муниципалды билік Бейжің метросының 100-ден астам станциясының жұмысын тоқтатты. Бірқатар аудандарында қоғамдық көлік (жолаушылар автобустары) және такси қызметі шектелді.

Сәуір айының соңынан бастап Бейжің тұрғындары күн сайын ПТР-тестілеуден өтіп жүр. ПТР тестінің инфекциядан таза шыққанын көрсететін нәтижесінсіз 48 сағат ішінде қоғамдық орындарға, супермаркеттерге, емханаларға кіруге тыйым салынады.

Айта кетейік, ДДҰ Қытайдың COVID-19-ға қарсы үшінші вакцинасын мақұлдады.


Соңғы жаңалықтар